Қазақстанда ғылымды дамытудың жолдары аталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірасылов Қазақстанда ғылым саласын дамытып, оны бизнеспен байланыстыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Әлбетте, ғылымның дамуы - кез келген қоғамның дамуының негізгі көрсеткіші. Израиль, Оңтүстік Корея елдері табиғи ресурстары болмаса да, инновациясы мен экономикасы жағынан әлемнің ең озық 10 елінің қатарынан көрініп отыр. Әрине, Қазақстанда мұнай немесе газ қоры мол болғанымен, олардың күндердің күнінде таусылатынын біліп отырмыз. Сондықтан, Қазақстан Президенті «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламасында, өзге де тапсырмасында инновацияға негізделген экономиканы құруды тапсырды. Демек, ғылымның дамуы бірінші орынға шығып отыр», - дейді ол.
Ғылым комитеті төрағасының айтуынша, Қазақстанда ғылым мен инновация саласында әлеует бар.
«Бірақ, шынында да ғылым экономикаға жұмыс істеуі үшін тың амалдар керек. Сол себепті, дәл осы жоба (Өнімді инновацияларды дамыту - авт.) ғалымдарды экономикаға жұмылдыруға арналған. Қазіргі таңда ғалымдардың жас буынын даярлап жатырмыз. Олар жоғары оқу орындары мен ҒЗО базасында даярлануда. Біз заманымыздың озық ғалымы ретінде ағылшын тілін меңгерген, бірінші қайнар көздерден ғылым саласының соңғы жетістіктерін бақылап отыра алатын, заманның ең озық зерттеу технологияларын меңгерген, шетелдік ғылыми конференцияларда сөз сөйлей алатын адамды елестетіп отырмыз. Демек, ғалым халықаралық ғылыми кеңістікке бейімделген адам болуы керек», - дейді Болатбек Әбдірасылов.
Оның айтуынша, Қазақстанда мұндай ғалымдар болғанымен, еліміз үшін өкінішке орай, бұл бағытта атқарылған еңбектен гөрі атқаратын жұмыстар көп.
«Қазір министрлікте ғылымның 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы даярлануда. Онда біз негізгі бағыт ретінде Қазақстанның ғылыми халықаралық консорциумдарға және ғылыми орталықтарға енуін көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта біз үшін ондай орталықтар жабық. Сондай-ақ ғылымды ағылшын тіліне толығымен көшіруді жоспарлап отырмыз. Өйткені, ғылымды ағылшын тіліне аударып алған елдер алға шығып кеткен. Қытайда, Германияда да осыны байқауға болады. Ғылымның цифрландырылуы, мәліметтер базасының құрылуы, ғылыми жобаларды басқаруда коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, жобалық менеджмент құру - осы үш тренд біздің ғылымды жетекші орынға шығарады деген сенімдеміз», - дейді ол.