Қазақстанда интернет-алаяқтықтан келетін шығын 20 млрд теңгеге жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде интернет-алаяқтықтан келген жалпы шығын көлемі 20 млрд теңгені құрап отыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай ОКҚ алаңында өткен брифингіде мәлімдеді. 

Қазақстанда интернет-алаяқтықтан келетін шығын 20 млрд теңгеге жетті
Фото: ҚР ҰҚК

Оның айтуынша, биыл интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілген. Осы уақыт ішінде ақпараттық кеңістікте 38 мыңға жуық материал жарияланып, мемлекеттік органдарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, банктер мен жекеменшік секторда 34 мыңға жуық профилактикалық іс-шара өткізілген.

– Қабылданған шаралардың нәтижесінде биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша интернет-алаяқтықты тіркеу 2,5%-ға төмендеді. Сонымен қатар қылмысты ашу көрсеткіші 32,2%-дан 40,6%-ға дейін өсті. Ал ашылмаған қылмыстық істер саны 16,6%-ға қысқарды, - деді Жандос Сүйінбай.

Спикердің мәліметінше, интернет-алаяқтықтан келген жалпы шығын көлемі 20 млрд теңгені құраған. Оның шамамен 4 млрд теңгесі азаматтарға қайтарылған.

Сондай-ақ ІІМ-нің ресми сайтында киберқылмыспен күреске арналған арнайы бөлім жұмыс істейді.

Айта кетейік, бұған дейін елордада 4 мыңнан астам сайт бұғатталғаны хабарланған еді.