Қазақстанда ірі кәсіпорындардың энерготиімділік картасы жасалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен "Шымкентцемент" АҚ арасында энерготиімділікті арттыру бойынша үшжақты келісімге қол қойды.
Құжатқа ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің бірінші вице-министрі Альберт Рау, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев және "Шымкентцемент" АҚ директоры Мұстафа Авджы қол қойды.
Осы келісімнің аясында "Шымкентцемент" АҚ бес жыл ішінде энергияны тұтынуды 15%-ға төмендетуге міндеттеме алды. Ал жергілікті атқарушы орган Салық кодексіне сәйкес, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлем ставкасын көтермеуді уәде етеді.
"Президет Үкімет алдына 2020 жылға дейін біздің экономикада энергияның жұмсалуын 25%-ға төмендетуді жүктеген болатын. Ең бастысы біз осы уақытқа дейін энерготиімділік жүйесін жасақтадық. Заңнама жөнге келтірілді, энерготиімділік институттары құрылды, мемлекеттік энергетикалық реестр жасалды. Аталмыш реестрге еніп отырған кәсіпорындар әрдайым есеп беріп отырады және энергоаудит жасауға міндетті. Соның нәтижесінде энергияны сақтау бойынша жоспар жасап, жүзеге асыруы тиіс. Егер кәсіпорын белгілі бір уақыт ішінде ауаға таралатын көмірқышқыл газдардың көлемін 15%-дан астамға дейін азайтуға міндеттеме алса, үшжақты келісім бойынша жергілікті билік оларға қоршаған ортаға улы заттарды тастауға қатысты соманы ұлғайтпайды", - деді ол.
Оның айтуынша, министрлік айына екі мәрте ірі кәсіпорындармен энерготиімділікті арттыруға байланысты кездесулер өткізеді. Алайда энергошығындарды 15 пайызға азайту бойынша бағдарламаны ұсынған жалғыз кәсіпорын әзірге осы "Шымкентцемент" зауыты болып отыр.
"Әр облыстан энергияның негізгі бөлігін тұтынатын 2-3 ірі кәсіпорынды осындай келісімшарттарға тартуды қалар едік. Бұл бір жағынан энергияны үнемдеуге және қоршаған ортаны сақтауға оң әсерін береді", - дейді министр.
Министрліктің xабарлауынша, ведомство энергия тиімділік картасы жасалды. Оған энергияны үнемдеуге дайын жобалар енгізілмек. Қазіргі уақытта энергосервистік қызмет операторына энергия тиімділік картасына қосылу үшін 65,12 млрд. теңгеден астам соманы құрайтын 105 тапсырыс түсті. Жыл соңына дейін 10 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.