Қазақстанда қанша әскери азамат бала күтімі бойынша декретке шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Әскери қызметкерлер үшін «декреттік» деп аталатын демалыс шарттары қайта қарауды қажет етеді. Мұндай пікірді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында білдірді.
Бүгінгі күні Қазақстанда 992 ер азамат - әскери қызметкер бала күтімі бойынша демалыста отыр. Депутаттың айтуынша, ер азаматтар балалары үш жасқа толғанға дейін демалысқа шығу құқығына ие.
— Мұндай тәжірибе 2014 жылы басталды. Сол кезде алғаш рет үш әскери қызметкер — екі офицер мен бір сержант декретке шыққан. Қазір олардың саны 992-ге жетті. Бұл бала күтімі бойынша демалысқа шығатын ер әскери қызметкерлердің саны тұрақты көбейіп келе жатқанын көрсетеді, — деді Айгүл Құспан.

Оның мәлімдеуінше, декреттегі қызметкерлердің 70 пайызы — қатардағы жауынгерлер мен сержанттар, ал 30 пайызы — офицерлер.
— Бұл мәселені көбіне Қорғаныс министрлігі көтеріп отыр. Министрлік өкілдері декретке шығатын қызметкерлер санының өсуі армияның жауынгерлік қабілеті мен дайындық деңгейіне әсер етуі мүмкін деп есептейді. Жауынгерлік дайындық дегеніміз — армияның қойылған міндеттерді белгіленген мерзімде, мүмкіндігінше қысқа уақытта орындау қабілеті, — деді депутат.
Ер азаматтар демалысқа әртүрлі себеппен шығады — отбасылық, қаржылық және басқа да жағдайларға байланысты. Бала күтімі бойынша демалыс қызмет өтіліне қосылады, зейнетақы есептеріне есептеледі, тұрғын үй жеңілдіктерін алуға және әскери атақ алуына мүмкіндік береді. Бұл демалысты материалдық және мансаптық тұрғыдан тартымды етеді.
Айгүл Құспан әскери қызметкерлер үшін бала күтімі бойынша ұзақ мерзімді демалыс шарттарын қайта қарау қажеттігін ерекше атап өтті.
Бұған дейін біз Қорғаныс министрлігінің әскерге шақыру тәртібі мен оған қатысты заңсыздықтар жөнінде жасаған ескертулері туралы жазған едік.