Бала асырап алу жүйесіндегі өзгерістер қоғамға не береді

АСТАНА. KAZINFORM – «Жетім көрсең, жебей жүр» деген қазақтың ізгі ұстанымы өз мәнін жоғалтқан жоқ. Соңғы жылдары бала асырап алуға ниетті азаматтардың қатары артып келеді. Дегенмен мамандар күрделі әрі ұзақ рәсімдер бұл үдерістің қарқынын тежеп отырғанын айтады. Kazinform тілшісі осы мәселені зерделеді.

отбасы
Коллаж: Kazinform

3 мыңнан астам бала балалар үйінде

Қазақстанда 20 798 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 17 110-нан астамы, яғни 82 пайызы қазақстандық отбасылардың тәрбиесіне берілген. Бұл қамқоршылық, патронат және асырап алу сияқты отбасылық тәрбие нысандары арқылы жүзеге асып отыр. Дегенмен 3 мыңнан астам бала әлі де балалар үйі мен интернаттарда тәрбиеленіп жатыр.

бала
Инфографика: Kazinform

Мұнда көбіне жасөспірімдер, денсаулығында ерекшелігі бар балалар және бірге туған бауырлар қалады. Өйткені заң бойынша туған ағайындыларды бір-бірінен ажыратуға болмайды. Ал бірнеше баланы бірдей қабылдауға дайын отбасылар аз болғандықтан, мұндай балалардың отбасыға жолы ұзара түседі.

«Ана Үйі» қоғамдық қоры жанындағы Ұлттық асырап алу агенттігі мамандарының айтуынша, үміткер ата-аналардың басым бөлігі үш жасқа дейінгі, дені сау және жалғыз баланы асырап алуға ниетті. Соның салдарынан ересек балалар мен бауырларымен бірге өсіп жатқан жеткіншектер көбіне балалар үйлерінде ұзақ уақыт қалып қояды.

Тағы бір өзекті мәселе – екінші мәрте жетімдік. Бұл – қабылдаушы отбасына берілген баланың кейін қайтадан балалар үйіне қайтарылуы. Мамандар мұны көбіне ата-аналардың психологиялық тұрғыда толық дайын болмауымен байланыстырады.

Сонымен қатар балалар үйіндегі әр баланың тағдыры әртүрлі. Көп жағдайда олардың ата-анасы немесе жақын туыстары бар. Алайда кейбірінің ата-анасы бас бостандығынан айырылған, психикалық дертке шалдыққан, әрекетке қабілетсіз деп танылған немесе алкоголь мен есірткіге тәуелді болуы мүмкін. Кей жағдайда олар ата-ана құқығынан толық айырылмай, тек уақытша шектеледі. Сондықтан мұндай балаларды асырап алу процесі заңды әрі әлеуметтік тұрғыдан күрделі және ұзақ уақытты талап етеді.

Асырап алу жүйесінде қандай өзгеріс бар?

Биыл, 12 наурызда Үкімет қаулысымен бала асырап алуға қатысты қолданыстағы қағидаларға өзгерістер енгізілді. Бұл түзетулер ең алдымен баланың мүддесін қорғауды күшейтуге, сондай-ақ асырап алу рәсімдерін нақтылап, талаптарды қатаңдатуға бағытталған.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, өзгерістер «Неке және отбасы туралы» кодекстің 91-бабы аясында енгізілген. Жаңа талаптарға сәйкес, сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар, ата-ана құқығынан айырылғандар, бұрын бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамаған азаматтар бала асырап ала алмайды. Сонымен қатар денсаулық жағдайына байланысты ата-ана міндетін атқара алмайтын адамдарға, тұрақты тұрғылықты жері жоқ азаматтарға, сотталған немесе қылмыстық қудалауға ұшыраған адамдарға да шектеу қойылады.

отбасы
Коллаж: Kazinform/ ЖИ көмегімен жасалған

– Заңнамадағы маңызды өзгерістің бірі – бала асырап алу кезінде басым құқықтың нақты белгіленуі. Енді ең алдымен баланың жақын туыстарына басымдық беріледі. Ал ондай мүмкіндік болмаған жағдайда некедегі ерлі-зайыптылардың құқығы қарастырылады. Осылайша мемлекет баланың туыстық байланысын сақтауға және оның отбасылық ортада тәрбиеленуіне күш салып отыр, – делінген ведомство жауабында.

Министрлік мәліметінше, егер бала асырап алуға ниетті адамның жұбайы немесе бірге тұратын адамы жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмесе, мұндай азаматтарға да бала асырап алуға рұқсат берілмейді, яғни талап тек үміткердің өзіне емес, онымен бірге тұратын адамдарға қатысты қолданылады. Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер асырап алу процесін күрделендіру үшін емес, баланың құқығы мен қауіпсіздігін күшейту үшін қабылданған.

Процесс қалай жүреді?

Баланы асырап алу немесе қамқоршылыққа алу процесі бүгінде толықтай цифрландырылған. Өтініш eGov.kz порталы арқылы беріледі. Құжаттар тапсырылғаннан кейін қорғаншылық органдары оларды екі жұмыс күні ішінде қарайды. Егер ескерту болмаса, келесі үш жұмыс күні ішінде арнайы комиссия үміткердің үйіне барып, тұрмыстық жағдайын тексереді.

Осыдан кейін он күнтізбелік күн ішінде өтініш иесіне жетім балалардың республикалық деректер банкіне кіруге рұқсат беру немесе бермеу туралы шешім қабылданады. Рұқсат берілген жағдайда үміткер балалардың сауалнамаларымен танысып, өзіне сәйкес келетін баланы таңдай алады.

– Алғашқы танысудан кейін тараптардың бір-біріне бейімделуі үшін 14 күндік екінші кездесу кезеңі қарастырылған. Осы уақыт аралығында бала мен үміткер ата-ананың қарым-қатынасы бақыланады. Егер екі тарап та бір-біріне бейімделсе, қамқоршылық немесе патронат рәсімдеу үшін тиісті органға, ал асырап алу үшін сотқа өтініш жолданады. Жалпы алғанда, бұл процесс бірнеше айға созылуы мүмкін, – делінген министрлік ақпаратында.

Бала жаңа отбасына берілгеннен кейін де мемлекет бақылауды тоқтатпайды. Қазақстан азаматтары асырап алған бала 18 жасқа толғанға дейін тиісті есептерді тапсыруға міндетті. Ал қорғаншылық және қамқоршылық органдары балалардың және оларды тәрбиелеп отырған отбасылардың тұрмыс жағдайын тұрақты түрде тексеріп отырады.

Бұл бағыттағы жұмысты күшейту үшін 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Құжат аясында балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа тетіктер қарастырылып отыр.

Дегенмен мамандар салада шешімін күткен мәселелер әлі де бар екенін айтады. Заңгер Нұрболат Ибраев кей жағдайда артық бюрократиялық рәсімдер процесті күрделі ететінін атап өтті.

Нұрболат Ибраев
Фото: Нұрболат Ибраевтың жеке мұрағатынан

– Кейбір жағдайда туыстық байланыс анық болса да, ДНҚ сараптамасын талап ету тәжірибесі кездеседі. Бұл қосымша шығын шығарып, бала асырап алу процесін шамамен алты айға созуы мүмкін, – деді ол.

Қабылдаушы ата-ана мектебі не үшін керек?

Мамандардың айтуынша, бала асырап алу процесінде құжаттық рәсімдермен қатар болашақ ата-аналардың психологиялық дайындығы да маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты 2020 жылдан бастап үміткерлер үшін арнайы даярлықтан өту міндеттелген.

Енді бала асырап алуға немесе қамқоршылыққа алуға ниетті азаматтар «Қабылдаушы ата-аналар мектебінде» оқып, арнайы сертификат алуы тиіс. Бағдарлама 14 сабақтан немесе 48 сағаттық курстан тұрады. Мұнда балалардың психологиясы, бейімделу кезеңі және отбасындағы қарым-қатынас ерекшеліктері оқытылады.

Клиникалық психолог Еркежан Мұратқызы бұл талап барлық үміткерге бірдей қолданылатынын айтады.

– Мұндай дайындық баланы кейін қайтару жағдайларын азайту үшін енгізілген. Себебі баланы отбасына қабылдау тек құжат рәсімдеу емес, оның эмоциялық жарақатын түсініп, жаңа ортаға бейімдеуге дайын болу деген сөз, – деді ол.

Еркежан Мұратқызы
Фото: Еркежан Мұратқызының жеке мұрағатынан

Маманның пікірінше, бала жаңа отбасыға өткеннен кейін де қолдау жүйесі үзілмеу керек. Сондықтан психологиялық көмек, әлеуметтік сүйемелдеу және ата-аналарға арналған тұрақты кеңес беру қызметтерін күшейту маңызды.

Қандай төлем қарастырылған?

Қазақстанда баланы отбасына қабылдаудың бірнеше нысаны бар: асырап алу, қамқоршылық немесе қорғаншылық, патронаттық тәрбие, қабылдаушы отбасы және қонақ отбасы. Олардың әрқайсысы баланың қажеттілігіне қарай қолданылады.

Отбасына орналастыру түріне қарай мемлекет тарапынан төлемдер де әртүрлі. Асырап алған азаматтарға 75 АЕК көлемінде біржолғы жәрдемақы беріледі. Қамқоршылықта әр балаға ай сайын 10 АЕК төленеді.

Патронаттық тәрбиеде балаға арналған қаржылай қолдаумен қатар, тәрбиешіге жалақы қарастырылады. Ал қабылдаушы отбасы форматында балаға төлеммен бірге әр ата-анаға 35 АЕК көлемінде қосымша қолдау беріледі.

бала асырап алу
Фото: Pixabay

Бұл ретте заңгер Нұрболат Ибраев ерекше қажеттілігі бар балаларды отбасына орналастыруда қосымша ынталандыру қажеттігін айтады.

– Материалдық ынталандыру мен тұрақты сүйемелдеу күшейсе, мұндай балалардың отбасы табу мүмкіндігі арта түсер еді, – деді спикер.

24 баланы асырап алған отбасы

Бала асырап алу тәжірибесін өмірлік миссияға айналдырған отбасылардың бірі – ақтөбелік Өмірхан мен Амангүл Жетесовтер. Бүгінде олардың шаңырағында 28 бала тәрбиеленіп жатыр, оның 24-і балалар үйінен асырап алынған.

Өмірхан Жетесовтің өмір жолы да ауыр тағдырмен өрілген. Ол алты жасында анасынан айырылып, балалық шағын интернатта өткізген. Кейін өнер жолы оны өмірлік серігі Амангүлмен бірге балалар үйіне алып келеді. Сол сапарлардың бірінде кішкентай баланың «әке» деп құшақтаған сәті ерлі-зайыптылардың өміріне түбегейлі өзгеріс әкелген.

– Ниетіміз түзу болды. Қиындықты елемедік. Баланы асырап алдық, – дейді Жетесовтер отбасы.

Осы оқиғадан кейін отбасы бір баламен шектелмей, уақыт өте келе тағы бірнеше баланы бауырына басады. Кейін олардың қабілетін шыңдау мақсатында «Шашу» ансамблін құрады. Бүгінде өнер ұжымы түрлі байқауларда жүлде алып жүр.

Жетесовтер отбасы.
Фото: видеодан скрин

Көпбалалы әке Өмірхан негізгі табысын такси жүргізушісі ретінде табады, кейде асабалықпен де айналысады. Ал Амангүл ұзақ жылдар бойы шығармашылық саласында еңбек еткен.

Бала асырап алғысы келетін шетелдіктер азайған

Бала асырап алу жүйесіндегі тағы бір маңызды өзгеріс – соңғы жылдары шетел азаматтарының қазақстандық балаларды асырап алу жағдайларының айтарлықтай азаюы. Оқу-ағарту министрлігі мұны заңнамалық талаптардың күшеюімен және ел ішіндегі отбасылардың бала асырап алуға белсенділігінің артуымен байланыстырады.

Ведомство мәліметінше, шетел азаматтарына бала асырап алу баланың мүддесі толық ескерілген жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Одной любви недостаточно: какими качествами должны обладать приемные родители
Коллаж: Kazinform/ Freepik/ Canva

– Баланы алдымен туыстарының немесе Қазақстан азаматтарының отбасына орналастыру мүмкіндігі қарастырылып, олар бас тартқан кезде ғана шетел азаматтарына беру мәселесі қаралады, – делінген министрліктің жауабында.

Министрлік қазіргі таңда Қазақстанда екі коммерциялық емес агенттік аккредиттелгенін атап өтті. Алайда ішкі асырап алуға сұраныстың артуына байланысты олардың қызметі уақытша тоқтаған.