Қазақстанда қанша пайыз халықтың 2024 жылға көңілі толмайды
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа жыл қарсаңында көптеген адам өткен жылға баға беріп, келер жылға жоспар құрады. ҚСЗИ арнайы сауалнама жүргізіп, ел азаматтарының осы жылға деген көзқарасын анықтады.

Сарапшылар жүргізген зерттеуде азаматтарының өткен жылдың қорытындысы туралы пікірі екі ауқымда - жеке және ел деңгейінде сараланған.
«Жеке деңгейде білдірген пікірінде қазақстандықтардың төрттен бір бөлігі (25,1%) өтіп бара жатқан жыл «өте табысты» болды деген. Азаматтарымыздың тең жартысы үшін (52,3%) жыл «жалпы жақсы» болған. 13,4%-ы «өте қиын», ал 7,3%-ы үшін «жаман, өте қиын» деп баға берген», - дейді ҚСЗИ Бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова.

Сарапшының айтуынша, жастар жақсы баға берсе, аға буын көбінесе биыл қиын жыл деп болды деп санайтынын айтқан. Сондай-ақ жоғары білімі барлар жоғары білімі жоқ адамдарға қарағанда жоғарырақ баға берген.
Ал телефон арқылы сауалнамаға қатысқан 1200 респонденттің 39,3 пайызы жыл өзі болжағандай болғанын айтқан.
Ел деңгейіндегі жыл қорытындысы туралы пікірлерге келсек, халықтың жартысы (48%) оң баға берген, екінші бөлігі көңілі толмайтынын жеткізген.
Айта кетейік, бұған дейін аталған институт арнайы сауалнама жүргізіп, Қазақстан халқы не нәрсені ең негізгі құндылық деп танитынын анықтаған еді.