ҚСЗИ зерттеуі: Қазақстан халқы ең негізгі құндылық «отбасы» деп көрсеткен
АСТАНА. KAZINFORM – Ел азаматтарының көпшілігі Қазақстан Республикасының төлқұжатын басты біріктіруші фактор деп санайды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жариялаған әлеуметтанулық сауалнама нәтижесінде айтылған.

8000 адам қатысқан аймақтық сауалнама көрсеткендей, қазақстандықтардың көпшілігі өз елін азаматтық бірегейлік негізінде біртұтас ұлт ретінде қабылдайды. Яғни, респонденттердің 46%-ы Қазақстан Республикасының төлқұжатын басты біріктіруші фактор деп біледі. Ал 39,9%-ы ата-бабаларының ортақ тарихы, ал 32%-ы ортақ тіл ел азаматтарын біртұтас ұлт ретінде біріктіреді деп санайтынын айтқан.

Сондай-ақ, халықтың негізгі құндылықтарының ішінде бірінші орында отбасы, екінші орында жұмысы, үшінші орында достары тұр. Жастар бос уақытын да маңызды басымдық ретінде атап өтеді. Дін мен саясат құндылықтар жүйесінде соңғы орындарда тұр.

«2025 жылдан не күтесіз?» деген сауалға жауап берген 52 пайыз респондент жыл отбасы үшін табысты болады деп болжайтынын айтқан. 32,1 пайызы келер жыл жалпы Қазақстан үшін жақсы болады деген пікір білдірген.

Осылайша, әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелері бойынша, барлық жағынан тек жағымды болмаса да, биылғы жыл табысты жыл болды деп бағаланады. Қазақстандықтар оптимизмді сақтай отырып, Қазақстан Президентінің жұмысын, елдің стратегиялық бағытын қолдайды. Отбасы мен сенім сияқты ұлттық бірегейлік пен құндылық бағдарлары қоғамның одан әрі дамуы мен нығаюына негіз болады.