Қазақстанда қатерлі ісікті емдеуде елеулі бетбұрыс болады - вице-министр

«Біз қазір әлемдік екі үлкен орталықтармен, яғни, Париждегі Густав Русси институты мен Питтсбург университетімен жұмыс істеудеміз. Онда біздің мамандар тәлім алып, тәжірибе жинақтайды. Қазақстанда биылдан бастап барлық онкологиялық орталықтарда қатерлі ісік дертін емдеу бойынша халықаралық стандарт енгізіледі. Бұл өте озық жоба, сондықтан да бүгін қол қойылған меморандумдарға үлкен үміт артып отырмыз»,-деді вице-министр.
Осы орайда ол Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда жақсы база қалыптасқанын, өңірлерде облыстық диспансерлер жұмыс істеп жатқандығын, онколог мамандар бар екендігін сөз етті.
Е. Байжүнісовтің сөзіне қарағанда, онкологияда елімізде бірінші кезекте соңғы буынды жабдықтар мен емдеу технологиялары жетіспеді. «Біз осы құралдарға қол жеткізе алмадық, себебі ол өте қымбат технологиялар. Онкологиялық қызметті дамыту бағдарламасы аясында қазіргі кезде қажетті қаржы бөлінді»,-деді министрдің орынбасары.
Сөз соңында ол биыл Астанада қуатты ғылыми орталық құру бойынша жобалық жұмыстар аяқталатынын, нысанның құрылысы алдағы жылы басталып, 2016 жылға қарай тапсырылатынын атап өтті.
«Басты мақсат - қатерлі ісікті неғұрлым ерте тапсақ, соғұрлым оны жылдам емдейміз»,-деп түйді вице-министр.