Қазақстанда қауіпті өндірістік нысандарды ЖИ бақылайды
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрландыру аясында Қазақстанда ЖИ элементі бар «е-ТЖМ» бірыңғай цифрлық платформасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкіметте баяндады.
Жүйеде қауіпті өндіріс нысандарын есепке алу және апаттар мен жарақат алудың деректер банкі, бизнес-процестерді автоматтандыру, сондай-ақ нысандағы қауіп-қатерлерді болжау көзделген. Осы платформада қызметкерлердің білімін тексеру прокторинг жүйесі арқылы онлайн режимде жүргізіледі.
– Өндірістік нысандарда мониторинг жүргізу мен оларды бақылау жүйелерінің интеграциясы жалғасып жатыр. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен 55 шахта мен кен орны тексерілді. Оның ішіндегі 45 нысанда жаңа қауіпсіздік жүйелері орнатылды, – деді Шыңғыс Әрінов.
Бүгінгі таңда 14 шахта мен кен орнындағы бейнебақылау және позициялау жүйелері министрліктің Дағдарыс орталығына қосылған, бұл жағдайды онлайн бақылап, жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қолданбалы ғылымды дамытуға және ғылыми жобаларды енгізуге де ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта Сейсмология институты Қазақмыс нысандарының тау-кен учаскелерінде пайда болатын деформациялық өзгерістерге және опырылып құлау қаупі жоғары аймақтардың түзілуіне ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр. Қауіп-қатерге бағалау жүргізу тәжірибесі барлық өнеркәсіп нысандарында жалғасады.
Бұған дейін сала министрі жұмысшылар қаза тапқан «Востокцветмет» пен «Қазцинктегі» апат бойынша тергеу жүріп жатқанын айтқан еді.