Қазақстанда қай маусымда пәтер алған тиімді

АСТАНА. KAZINFORM – Пәтерді қай кезде алған тиімді? Әдетте бұл сұраққа «қыста арзан болады» деген жауап айтылады. Бірақ соңғы төрт жылдағы деректер Қазақстандағы тұрғын үй нарығы ауладағы ауа температурасына «бағына бермейтінін» көрсетіп тұр. Kazinfrom тілшісі Ұлттық статистика мәліметтеріне сүйеніп осы тенденцияны талдап көрді.

Қазақстанда қай маусымда пәтер алған тиімді
Коллаж: Kazinform / ЖИ

2023 жыл: жаңа пәтер – қаңтарда, қайталама нарық – тамызда

2023 жылы жаңа пәтердің ең төмен бағасы жыл басында қалыптасты. Қаңтарда бір шаршы метр 478 мың теңге шамасында болды. Жыл ішінде баға біртіндеп өсіп, желтоқсанда 494 898 теңгеге жетті. Осылайша, жаңа баспананың ең арзан кезеңі қаңтар, ең қымбат кезеңі желтоқсан болды.

Қайталама нарықта баға қозғалысы өзгеше болған. Жылдың алғашқы айларынан кейін баға төмендеп, тамызда ең төмен деңгейге түсті – 485 633 теңге/м². Маусымда бұл көрсеткіш 503 185 теңге болған. Тамыздан кейін баға қайта көтеріле бастады. Желтоқсанда шаршы метр 494 373 теңгеге жетті. Демек, 2023 жылы қайталама нарықтағы ең арзан ай тамыз, ең қымбат ай маусым болды.

тұрғын үй
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Жыл соңындағы баға жыл басындағы деңгейден жоғары болған жаңа үйде де, жаздағы минимумнан кейін қымбаттаған қайталама нарықта да жылдың соңына қарай баспана бағасы өсті.

2024 жыл: екі нарықта да жыл соңы қымбат болды

2024 жылы жаңа үй бағасы наурызда ең төмен деңгейге түсті – 486 579 теңге/м². Одан кейін баға қайта өсті. Желтоқсанда жаңа тұрғын үйдің шаршы метрі 500 198 теңгеге жетіп, жыл ішіндегі ең жоғары деңгейге шықты.

Қайталама нарықта ең төмен баға жыл басына сәйкес келді. Қаңтарда шаршы метрдің құны 492 мың теңге шамасында болса, кейін баға біртіндеп көтеріліп, желтоқсанда 516 203 теңгеге жетті. Бұл – 2024 жылғы ең жоғары көрсеткіш.

Яғни 2024 жылы екі нарықта да жылдың соңғы айлары қымбат кезеңге айналды. Жаңа үйде минимум баға наурызда, қайталама нарықта қаңтарда қалыптасты.

2025 жыл: ең арзан кезең – жылдың басы, ең қымбат кезең – желтоқсан

2025 жылы баға жыл басынан соңына дейін айқын өсті. Жаңа үйдің бір шаршы метрі қаңтарда 499 983 теңге болды. Одан кейін баға ай сайын көтеріліп, желтоқсанда 571 220 теңгеге жетті. Бұл – жыл ішіндегі ең жоғары деңгей.

Қайталама нарықта да ең төмен баға қаңтарда тіркелді – 526 788 теңге/м². Жыл ішінде бірнеше айда ғана қысқа мерзімді төмендеулер болды, бірақ баға қайта көтеріліп отырды. Желтоқсанға қарай шаршы метрдің құны 594 701 теңгегежетіп, жылдық максимум жаңарды.

ипотека
Коллаж: Kazinform / Freepik

Сөйтіп, 2025 жылы екі нарықта да ұқсас тенденция тіркелді:қаңтар – ең арзан, желтоқсан – ең қымбат ай. Жыл соңына қарай жаңа үй мен қайталама нарық арасындағы баға да айтарлықтай өсті.

2026 жыл: қымбаттау үрдісі тамызға дейін жалғасты

2026 жылдың қаңтар-тамыз аралығында жаңа үй бағасы төмендеген жоқ. Наурызда бір шаршы метр 612 315 теңге болса, сәуірде 615 933 теңгеге, шілдеде 621 900 теңгеге, тамызда 625 435 теңгеге жетті. Осы сегіз айдағы ең жоғары баға тамызда тіркелді. Ең төмен деңгей жыл басында болды.

Қайталама нарықта ең төмен баға наурызда қалыптасты – 624 495 теңге/м². Қаңтарда ол 624 561 теңге болған. Мамырда баға 626 203 теңгеге, шілдеде 630 442 теңгеге, тамызда 635 185 теңгеге дейін көтерілді.

Осылайша, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында екі нарықта да ең жоғары баға тамызға келді. Жаңа үйде төменгі нүкте жыл басында болса, қайталама нарықта баға наурызда төмендеді.

Жалпы 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 261 251 мәміле тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңінен 4,3%-ға аз.

Қай айда алған тиімді?

Төрт жылды салыстырғанда, жаңа үйге арзан баға көбіне жылдың басында тіркеліп отырған. 2023 жылы ең төмен баға қаңтарда, 2024 жылы наурызда, 2025 жылы қаңтарда қалыптасты. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында да ең төмен деңгей жыл басында тұр.

Қайталама нарықта бір ғана тұрақты ай жоқ. 2023 жылы ең арзан кезең тамыз болса, 2024, 2025 жылдары қаңтар тиімді болды. 2026 жылы ең төмен баға наурызда тіркелді.

баспана
Инфографика: Kazinform

Ал ең қымбат кезең соңғы жылдары көбіне жыл соңына немесе жылдың екінші жартысына келді. 2023 жылы жаңа пәтер бағасы желтоқсанда, 2024, 2025 жылдары екі нарықта да желтоқсанда максимум көрсетті. 2026 жылы әзірге тамызда ең жоғары баға көрсетіп тұр.

Сандардың жиынтығы бір нәрсені көрсетеді: жаңа пәтер іздеген адам үшін жылдың басындағы айларды, ал қайталама нарықта қаңтар-наурыз аралығын жіті бақылаған жөн. Бірақ 2023 жылғы тамыздағы жағдай сияқты ерекшеліктер де бар. Сондықтан пәтер бағасын бір ғана маусыммен емес, сол жылғы айлық қозғалыспен салыстырған дұрыс.

Бұған дейін, пәтер сақтандырудың ең жоғары тарифі Шымкент қаласында тіркелгенін жазған едік.

Мұнда бір бөлмелі пәтерді сақтандыру қызметі 70 мың теңгеге, ал үш бөлмелі пәтерді сақтандыру қызметінің құны 140 мың теңгеге дейін жетті. Тараз қаласында үш бөлмелі пәтерді сақтандыру бағасы тиімді. Шамамен 17 мың теңгеден басталады. Астана мен Алматы қалаларында сақтандыру бағасы өзге өңірлерге қарағанда жоғары. Тіпті бір қаланың өзінде баға әртүрлі. Мәселен, Алматы қаласында бір бөлмелі пәтерді сақтандыру бағасы 30-55 мың теңге болса, үш бөлмелі пәтерге 50-96 мың теңге деп есептеп береді. Жаңа оқу жылының басталып, студенттердің кезекті келуі Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің бағасын 1 айда 10%-ға көтерді.

Тамыз айында елдегі жалдамалы баспанаға субсидия алатын отбасылар саны 11 мыңнан асты.

2022 жылдан бері қазақстандық 45 514 отбасы субсидия алған. 34 246 алушымен жасалған шарт мерзімінен бұрын бұзылған: қазірдің өзінде 20 424 отбасы жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйге ие болған, қағида талаптарын сақтамауына байланысты 13 822 отбасымен жасалған шарттар бұзылған. Аталған субсидия жетім балаларға, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі. Оны алу үшін отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс соңғы алты айда айына 50 851 теңгеден аспауға тиіс. Зейнетақы мен жәрдемақы табыс ретінде есепке алынбайды.