Қазақстанда кейінгі 10 жылда неке саны 22%-ға азайды

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық статистика бюросы Халықаралық отбасы күніне орай Қазақстандағы неке статистикасын жариялады.

Қазақстанда кімдер некесін тегін тіркей алады
Фото: Азаматтарға арналған үкімет

Мәліметке сәйкес, 2015 жылмен салыстырғанда 2025 жылы тіркелген неке саны 148,8 мыңнан 116 мыңға дейін төмендеген. Осылайша, кейінгі он жылда некелер саны шамамен 22%-ға азайған.

Сонымен қатар некелесу коэффициенті де төмендеген. Егер 2015 жылы әр 1000 адамға 8,48 неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,69 болған.

- Өңірлер арасында ең жоғары некелесу коэффициенті Астана қаласында тіркелген – 1000 адамға 6,75 неке.

Ең төмен көрсеткіш Қызылорда облысында – 5,06 және Батыс Қазақстан облысында – 5,1, - делінген ақпаратта.

Сарапшылар мұны елордадағы жастар көші-қонының жоғары болуымен және еңбекке қабілетті халықтың шоғырлануымен байланыстырады.

Бюроның мәліметінше, соңғы 20 жылдағы некелесудің ең жоғары көрсеткіші 2012-2013 жылдары тіркелген. Ол кезде әр 1000 адамға шаққанда 9,8-9,9 неке рәсімделген.

Ал 2005 жылы некелесу коэффициенті 8,12 болған.

Мамандар некелер санының азаюына демографиялық факторлардың да әсер еткенін айтады. Атап айтқанда, 1990 жылдардың соңында туу көрсеткіші төмен болған буын қазір неке жасына жеткен.

Сонымен қатар қазақстандықтардың некеге кеш тұру үрдісі байқалады.

Соңғы 10 жылда алғашқы некеге тұрудың орташа жасы ерлер арасында 0,7 жылға, әйелдер арасында 0,6 жылға өскен.

2025 жылы ерлердің алғашқы некеге тұруының орташа жасы 27,9 жас болса, әйелдерде 25,3 жасты құраған.

Айта кетейік, СҚО-да жыл басынан бері 750 жұп некесін тіркеді.