Қазақстанда кімдер имам бола алады және оларды қалай тағайындайды

Астана. KAZINFORM — Қоғамда діни тақырып төңірегінде түрлі пікірталас туындайтынын білеміз. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) елдегі имамдардың қалай тағайындалатынын және олардың қызметін кім қадағалайтынын жан-жақты түсіндірді.

Кто и как становятся имамами в Казахстане
Фото: ҚМДБ

Бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сейтбековтің айтуынша, кез келген адам өз қалауымен имам бола алмайды.

— Әркім өз бетінше «мен имам боламын» деп айта алмайды. Себебі 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, діни қызметкер міндетті түрде діни бірлестіктің мүшесі болып, ресми бұйрықпен қызмет атқаруы тиіс. Егер ондай негіз болмаса, Дін істері комитетінен миссионерлік анықтама алуы қажет. Кез келген адамның өздігінен имам, молда немесе діни ұйым қызметкері болып жұмыс істеуіне рұқсат жоқ, — деді ол.

Қазір мешіттердегі барлық имамдар Бас мүфтидің бұйрығымен тағайындалады. 

— ҚМДБ Қазақстанның барлық өңірлерінде, тіпті ауылдық округтерде де филиалдары арқылы жұмыс істейді. Имам міндетті түрде Бас мүфтидің бұйрығымен тағайындалады. Қызметтен босату да ҚМДБ бұйрығы арқылы жүргізіледі, — деді Смайыл Сейтбеков.

Оның айтуынша, имам болғысы келетін азамат 12 түрлі құжат тапсыруы керек.

— Егер адам мешітте қызмет етіп, имам болғысы келсе, өтініш жазып, 12 түрлі құжат жинайды. Оның ішінде жоғары білім туралы диплом көшірмесі, жеке куәлік, өмірбаян, мінездеме, фотосурет, сотталмағаны туралы анықтама, наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұрмайтыны жөніндегі анықтамалар болуы тиіс, — деп толықтырды спикер.

Имамдарға қойылатын ең басты талаптың бірі — «дінтану» немесе «исламтану» бағыты бойынша арнайы білімнің болуы.

Қазақстанда исламтанушыларды тек «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университеті дайындайды. Бұл оқу орны Алматы қаласында орналасқан және ҚМДБ білім беру ұйымының құрылтайшысы саналады.

Ал дінтанушылар еліміздің алты жоғары оқу орнында даярланады. Сонымен қатар Қазақстанда орта діни білім беретін тоғыз медресе жұмыс істейді. 

— Білім міндетті түрде діни бағытта болуы керек. Егер ондай білім болмаса, мысалы ауылдық жерлерде, мешіт жанындағы діни білім беру курстарынан өткені туралы құжат талап етіледі. Сондай-ақ адамның қайда және қашан оқығанын растайтын анықтама қажет. Сертификат немесе диплом болмаса, оны имам немесе молда етіп тағайындауға болмайды, — деп атап өтті маман.

Үміткер құжаттарды тапсырғаннан кейін арнайы емтиханнан өтуі шарт. 

— Үміткер арнайы аттестациялық комиссия алдында ауызша және тест түрінде емтихан тапсырады. Комиссия оның қайда білім алғанын және қандай да бір діни ағымдармен байланысы бар-жоғын тексереді. Егер барлық талапқа сай келсе, имам қызметіне тағайындалады, — деді Бас мүфти кеңесшісі.

Оның айтуынша, имамдар тағайындалғаннан кейін де кәсіби деңгейін тұрақты арттырып отыруға міндетті.

— ҚМДБ тарапынан үнемі семинарлар мен біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады. Алматыда Ислам институты, ал Түркістанда имамдардың біліктілігін жетілдіру институты жұмыс істейді. Имамдар екі айлық арнайы даярлықтан және біліктілік арттыру бағдарламаларынан өтеді. Сонымен қатар республикалық деңгейде тұрақты тексеріс, курстар өткізіліп келеді, — деді ол. 

ҚМДБ мәліметінше, бүгінде Қазақстанда шамамен 3000 мешіт бар. Аймақтардағы имамдар саны мешіт жамағатының көлеміне байланысты анықталады екен.

— Ауылдық жерлерде көбіне бір имам жеткілікті болады. Ал аудан орталықтарында жамағат санына қарай бірнеше имам қызмет етеді. Бұл халыққа уақытылы қызмет көрсету үшін қажет, — деп түйіндеді Смайыл Сейтбеков.

Бұған дейін ҚМДБ діни кеңес беруге арналған Imam AI пилоттық жобасын іске қосатынын жазған едік.

Еске салайық, биыл 4000 отандасымыз қажылық парызын өтейді.