Қазақстанда қолжетімді жалдамалы баспана құрылысының тетіктері түрік әріптестермен бірлесе отырып жетілдірілмек

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаев Түркия Премьер-министрі Кеңсесінің жанындағы Тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Ергүн Тұранмен кездесті.
Кездесу барысында екі елдің тұрғын үй, коммуналдық және құрылыс салаларын қамтитын мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша конструктивті диалог пен пікір алмасу болды. Е.Тұран Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен шыққан «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырылуының маңыздылығы мен мазмұндылығын жоғары бағалады. Бұл бағдарламада тұрғын үй-коммуналдық және Қазақстан азаматтарының игілігін арттыру мәселелеріне едәуір көңіл бөлінуде.
Е.Тұран өзінің қоластындағы ұйымның ел халқының әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты. Осымен бірге, ұйым мемлекеттік бюджеттен қаражат алмай, мердігер құрылыс компанияларымен келісімдер негізінде табылған қаражатқа жұмыс атқарады. Басқарманың бюджеті сондай-ақ мемлекет тарапынан бөлінген құнды жер учаскелерін сату арқылы қалыптасады. Құнды жер учаскелерінде болған ескі ғимараттар мен түрлі мемлекеттік кешендер қаланың сыртына шығарылып, басқарма күшімен салынады.
Оның айтуынша, 2003-2014 жж. аралығында басқарма тарапынан 680 мың пәтер салынды. Басқарма сондай-ақ мемлекеттік, әлеуметтік және әкімшілік маңызы бар тұрғын үй мен әкімшілік кешендердің, сонымен қатар бүкіл ел бойынша 16 футбол стадионының құрылысын жүзеге асырады. Басқарма 500 мың жаңа пәтерді салуды да жоспарлауда.
Кездесу барысында Қазақстан азаматтары үшін қолжетімді жалдама баспананың құрылысының үдерісі мен тетіктерін түрік әріптестерімен бірлесе отырып жетілдіру мәселесі де талқыланды. Тараптар басқарманың халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру саласы бойынша Қазақстанның тиісті мекемелерімен құрған диалогын жетілдіруге келісті.
Айта кетейік, Түркия Премьер-министрі Кеңсесінің жанындағы Тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі басқармасы табысы төмен және орташа халық өкілдерін қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тұрғын саясатты жүргізу саласы бойынша құзырлы орган болып табылады. Басқарма өз құзыретіндегі жұмысында жеке сектормен, мердігерлермен және консультанттармен тығыз байланыста болып, бюрократияны азайта отырып, жеке сектордың икемділігі мен тиімділігін қолданады.