Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда коммуналдық төлемдерге берілетін әлеуметтік көмек автоматтандырылады

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде коммуналдық төлемдерге берілетін тұрғын үй көмегін тағайындау процесі автоматтандырылып, өңірлерде есептегіш құралдарды жаппай орнату жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында айтты.

коммунальные услуги показания счетчика есептегіш коммуналдық қызметтер
Фото: Kazinform

Вице-премьер «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруда шешуді қажет ететін үш негізгі міндетке тоқталды. Біріншіден, артта қалған өңір әкімдіктері биылғы инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы аяқталуын ерекше бақылауға алуы қажет.

– Әкімдіктер биылғы жобаларды іске асыруды ерекше бақылауға алып, жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар келесі жылға арналған барлық өңірлік жобалар бойынша дайындық жұмыстарын алдын ала пысықтап, қажетті шараларды уақытылы қабылдау қажет, – деді Қанат Бозымбаев.

Екінші маңызды мәселе – коммуналдық секторды цифрландыру.

Оның айтуынша, тұтынушыларды есепке алу құралдарымен толық қамтымайынша, цифрландыруды жүзеге асыру мүмкін емес.

Осыған байланысты Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, әр өңірдегі есепке алу аспаптарына деген нақты қажеттілікті анықтап, 2029 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Үшінші бағыт тұрғын үй көмегін алу рәсімдерін жеңілдетуге қатысты. Қазір коммуналдық төлемдерді өтеуге берілетін әлеуметтік көмекті тағайындау процесін автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Процестерді толық автоматтандыру мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі және әкімдіктер бірлесіп, қысқа мерзімде Бірыңғай есеп айырысу орталықтарының мемлекеттік ақпараттық жүйелерімен тиісті интеграция жүргізуі қажет, – деді Қанат Бозымбаев.

Осылайша Үкімет коммуналдық саланы цифрландыруды жеделдетіп, тұрғындардың коммуналдық төлем бойынша мемлекеттік қолдау алуын жеңілдетпек.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асырып жатыр. Еліміздегі бүкіл базалық инфрақұрылымның ауқымды құрылысы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және экономиканың одан әрі орнықты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстанның коммуналдық секторын жаңғыртуға 6 халықаралық қаржы институты көмектеседі.