Қазақстанда Құқықтық саясат тұжырымдамасы жаңартылады — Әділет министрі
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өткен «Конституциялық реформа: заңнаманы және мемлекеттік басқаруды дамытудың заманауи үрдістері» атты ғылыми-практикалық конференцияда Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев конституциялық реформаны іске асыру кезеңдері туралы айтты.
Оның сөзінше, конституциялық өзгерістер заңнаманы кең көлемде қайта қарауды талап етті.
— Жаңа конституциялық нормаларды іске асыру үшін көптеген нормативтік құқықтық актіні жаңарту және мемлекеттік институттардың қызметін реттейтін жаңа заңдарды қабылдауды қажет етеді. Осыған байланысты бұл жұмысты екі кезеңде жүргізу туралы шешім қабылданды, — деді министр.
Бірінші кезеңде тоғыз заңнамалық пакет қабылданды. Оның ішінде жаңартылған мемлекеттік институттардың құқықтық негізін қалыптастырған алты конституциялық заң бар. Қазір мемлекеттік органдар заңға сай актілерді жетілдіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
— Екінші кезеңнің міндеті — конституциялық жаңашылдықтарды барлық салаға енгізіп, заңнаманы жаңа Конституция талаптарына толық бейімдеу, — деді Ерлан Сәрсембаев.
Министрдің айтуынша, Парламенттің Құрылтайға көшуі, Вице-президент институтын енгізу, Қазақстан Халық Кеңесін құру және өзге де өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртады. Осылайша қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың жаңа моделін қалыптастырады.
— Бұл өзгерістер отандық конституционализмнің жаңа кезеңін бастап қана қоймай, заңгерлер қауымдастығының алдына жаңа міндеттер қояды, — деді ол.
Ерлан Сәрсембаев жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Құқықтық саясат тұжырымдамасын қайта қарау қажеттілігі туғанын да сөз етті.
— Бұл бағдарламалық құжатты жай ғана жаңарту емес. Ол конституциялық реформаны толық іске асыруға, құқықтық жүйенің тұтастығын сақтауға және заманауи заңнаманы қалыптастыруға негіз болуы тиіс, — деді министр.
Оның айтуынша, конституциялық өзгерістер азаматтардың құқықтары мен кепілдіктерін кеңейтті. Атап айтқанда, жеке өмірге қол сұқпаушылық, дербес деректерді қорғау, тұрғын үй құқығы және залалды өтеу мәселелері бойынша жаңа тәсілдер енгізілді.
— Бұл салалық заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін қайта қарауды талап етеді. Сондықтан Азаматтық кодекстің жаңа редакциясын әзірлеу мәселесін талқылау қажет, — деді Ерлан Сәрсембаев.
Министрдің сөзінше, кодекстің жаңа редакциясы Конституция нормаларын іске асыруға, цифрлық экономиканы дамытуға, азаматтар мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Конституциялық реформаның үшінші кезеңі басталады.