Қазақстанда митохондриялық алмастыру терапиясы сынақтан өтіп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстан ана жағынан берілетін ауыр тұқым қуалайтын аурудың алдын алуға мүмкіндік беретін инновациялық әдіс – митохондриялық алмастыру терапиясын қолданатын дүние жүзіндегі алғашқы елдің қатарына енуі мүмкін.

Церебральды сал ауруы бар пациенттер медициналық көмек пен дәрі-дәрмекті бұрынғы көлемде алады
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Бұл туралы Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, Халықаралық репродуктология академиясының ректоры Вячеслав Локшин айтты.

– Былтырдан бері PERSONA емханасының базасында біз АҚШ-тан келген белгілі ғалым, әлемге танымал эмбриолог, Орегон денсаулық сақтау мен ғылым университетінің эмбриондық және гендік терапия орталығының директоры Шухрат Миталиповпен бірлесіп клиникалық зерттеу жүргізіп жатырмыз. Қазақстан Ұлыбритания мен Грекиядан кейін бұл әдісті қолдана бастаған алғашқы елдің бірі болуы мүмкін. Бұл тұқым қуалайтын аурудың алдын алуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақшы, - деді ол Өңірлік коммуникауциялар қызметінде өткен брифинг кезінде.

Оның айтуынша, бұл технология анадағы зақымданған митохондрияларды сау донорлық митохондрияларға алмастырады да, ата-ананың генетикалық материалы сақталады. Бұл бағытқа генетика, медицина мен биоэтика тоғысындағы ең болашағы бар жетістіктің бірі ретінде қарап отыр.

Жалпы, 2026 жыл осы сала үшін маңызды кезең болды. Қазақстанда ЭКҰ бағдарламасы арқылы дүниеге келген алғашқы баланың туғанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде елдің репродуктивті медицинасы алғашқы тәжірибеден бастап генетика мен молекулалық биологиямен интеграцияланған жоғары технологиялық жүйеге дейін дамыды.

– Кейінгі үш онжылдықта Қазақстанның репродуктивті медицинасы денсаулықты тиімді сақтайтын үлкен салаға айналды. Мамандардың кәсібилігінің арқасында елімізде көптен күткен 46 мыңнан астам бала дүниеге келді. Бұл – дәрігерлердің, эмбриологтар мен ғылыми қауымдастықтың еңбегінің арқасы, - деді Локшин.

Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президентінің айтуынша, «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында ЭКҰ-ға бөлінетін квоталар саны жеті есеге артқан. Бұл кезекті қысқартып, бедеулікті емдеуде мыңдаған отбасыға мүмкіндік берді. 2021-2025 жылы ғана елдегі 18 емханада шамамен 34 мың ЭКҰ циклі жүргізіліп, нәтижесінде 13 мыңнан астам бала дүниеге келіпті.

Қазақстан осы салада медициналық туризм орталығына айналып келеді. Кейінгі 10 жылда елімізге 40-тан астам елден пациенттер келіп ем алған. Отандық клиникалар осылайша Орталық Азия мамандары үшін білім беретін базаға айналды.

Локшиннің сөзінше, осындай жетістікке қарамастан, бұл сала да біраз қиындыққа тап болып отыр. Олардың қатарында 35 жастан асқан әйелдердегі фертильділіктің төмендеуі, аналық без қорының аздығы кезінде емдеудің күрделілігі, сондай-ақ түрлі әлеуметтік топтарға технологияларды қолжетімді ете түсу бар.

Сонымен қатар суррогат ана болу, донорлық бағдарламалар мен генетикалық технологияны қолдану сияқты этикалық жағына да назар аударып отыр.

Мамандардың пікірінше, репродуктивті медицинаның болашағы пәнаралық тәсілдерді дамытуға, жасанды интеллектіні енгізуге, тіндік био-инженерия мен үлкен деректерді талдауға байланысты.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 30 жылдың ішінде ЭКҰ арқылы 40 мыңға жуық бала дүниеге келгенін хабарлаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар