Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда мобильді интернетті пайдаланушылар саны 18,5 миллионға жетті

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында байланыс қызметтерінің нақты көлем индексі 104,3% болды. Бұл былтырғы осы кезеңіндегі 103,1%-дық көрсеткіштен жоғары. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.

Қазақстанда мобильді интернетті пайдаланушылар саны 18,5 миллионға жетті
Коллаж: Kazinform / Freepik / Pixabay

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жарты жылда көрсетілген байланыс қызметтерінің көлемі ақшалай 777,7 млрд теңгеге жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 718,3 млрд теңге болған.

Нарық құрылымында ең үлкен үлес ұялы байланыс қызметтеріне тиесілі — 37,2%. Интернет қызметтері 37,0%, өзге телекоммуникациялық қызметтер 15,9% құрайды.

2026 жылғы маусымдағы мәлімет бойынша, елімізде ұялы байланыс абоненттерінің саны 27,3 миллионға жетті. Соның ішінде 18,5 миллион адам мобильді интернетті пайдаланады.

Тұрақты интернетке қосылған абоненттер саны 3,47 миллион болса, тіркелген телефон желілерінің саны 2,04 миллионды құрады.
Байланыс қызметтерінің ең жоғары көлемі әдеттегідей Алматы қаласында тіркелді — 402,4 млрд теңге. Одан кейін Астана қаласы тұр — 229,5 млрд теңге. Өңірлер арасында Қарағанды облысы 13,9 млрд теңгемен көш бастаса, Ақмола облысында көрсеткіш 12,5 млрд теңгеге жетті.

Ал пошта және курьерлік қызмет көрсету саласында керісінше төмендеу байқалды. Бұл бағыттағы нақты көлем индексі 93,5%-ды құрады. Былтырғы осы кезеңде бұл көрсеткіш 104,4% болған.

Жылдың алғашқы алты айында пошта және курьерлік қызметтердің жалпы көлемі 42,8 млрд теңгеге жетті. Салыстырмалы бағамен есептегенде бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға төмен.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 28 маусымнан бастап ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізіліп, операторларға абонентке келісімінсіз ақылы қызметтерді қосуға және «маяк» хабарламаларын жіберуге тыйым салынғаны туралы жазғанбыз.