Қазақстанда мүйізді ірі қара және ұсақ мал бағасы қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде мал бағып, шаруашылықпен айналысу үшін қомақты қаржы керек, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі. 

Қазақстанда мүйізді ірі қара және ұсақ мал бағасы қанша
Коллаж: Kazinform/ Pixabay

Баға рейтингін жасау кезінде сиыр, ешкі, қой мен шошқаның базардағы құнын білдік. Сүт, ет және жүнін пайдалануға болады.

Сиыр

Сиырдың бағасы қазіргі кезде шарықтап тұр. Зеңгі баба төлінің құны жасына қарай әртүрлі екенін айта кету керек. Әрине, бұзау сатып алып, баққан тиімді.

Сиырдың ең арзаны Талдықорғанда сатылады. Мұнда баға 220 000 - 660 000 теңге аралығында. Қостанайда сәл жоғары. Бұл қаладағы базарда сиыр 250 000 - 600 000 теңгеге сатылып жатыр. Петропавлда 250 000 - 650 000 теңге, Павлодарда 250 000 - 700 000 теңге.

Таразда сиыр бағасы 270 000 теңгеден басталады. Сауын сиыр бағасы 650 000 теңгеге дейін жетеді. Түркістан мен Екібастұзда баға 280 000 теңгеден басталып, 600 000 және 700 000 теңгеге жетіп тұр.

Ал Қызылорда, Қарағанды және Жезқазғанда сиыр бағасы 300 000 теңгеден басталады. Көкшетау мен Астанада баға – 320 000 - 600 000 теңге.

Ақтөбеде сиырды 350 000 - 700 000 теңгеге сатып алуға болады. Алматыда баға – 360 000 - 900 000 теңге. Айтып өтейік, асыл тұқымды сиыр бағасы одан да қымбат. 

Орал, Атырау, Өскеменде сиыр сатып алу үшін 400 000 теңге керек. Ал Семей базарында баға 420 000 теңгеден басталады. 

Екінші орында Шымкент тұр. Баға 450 000 - 900 000 теңге аралығында. Ал бірінші орында – Ақтау қаласы. Мұнда сиыр 550 000 - 700 000 теңге тұрады.

Ешкі

Ешкі сүтін, түбітін, терісі мен етін кәдеге жаратып, шаруашылықпен айналысам деген адамдар үшін жағымды жаңалық бар. Шаруашылықтың бұл түрін кәсіп ету үшін көп қаржы қажет емес.

Қызылорда, Көкшетау, Павлодар, Астана мен Алматыда ешкі бағасы төмен. Мұнда ешкі құны 20 000 теңгеден басталады. Кейде сүтті ешкі бағасы 120 000 - 195 000 теңгеге жетеді. Хабарламаларда көбіне сауынды ешкі туралы жазылады.

Тараз бен Қостанайда ешкіні 25 000 теңгеге сатып алуға болады. Оның ішінде Таразда асыл тұқымды ешкі бағасы 300 000 теңгеге дейін барады. Ал Қостанайда сауынды ешкі бағасы 90 000 теңге.

Петропавл, Екібастұз, Түркістанда ешкі бағасы 30 000 - 35 000 теңге. Ал Ақтөбе, Орал, Талдықорғанда 35 000 теңге болып тұр.

Қарағанды, Жезқазғанда ешкіні 40 000 - 45 000 теңгеге сатып алуға болады. Атырау, Өскемен, Семейде ешкі құны – 50 000 теңге.

Шымкентте ешкі қымбат. Мұнда 70 000 теңге, асыл тұқымды ешкі – 320 000 теңге. Ал Ақтауда ешкінің бағасы – 90 000 - 200 000 теңге.

Қазақстанда мүйізді ірі қара және ұсақ мал бағасы қанша
Коллаж: Kazinform

Қой

Қой бағасы Қазақстанда әртүрлі. Түркістанда – 15 000 - 90 000 теңге аралығында. Ал Алматыда – 18 000 - 80 000 теңге, Таразда – 29 000 - 180 000 теңге. Еліміздегі өзге қалаларда баға 30 000 теңгеден жоғары. 

Қостанай мен Петропавлда 30 000 теңгеден басталады. Ал Қазақстан астанасында қой бағасы – 35 000 - 80 000 теңге. Қызылордада – 40 000 - 45 000 теңге. Одан кейін тұрғаны Талдықорған қаласы. Мұндағы баға – 45 000 - 90 000 теңге.

Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Екібастұзда қой бағасы 50 000 теңнеден басталады. Бұл қалаларда ең қымбат қой 60 000 теңге болып тұр. Атырауда баға сәл жоғары. Қой бағасы – 55 000 - 70 000 теңге.

Көкшетау, Орал, Өскемен мен Семейде баға 60 000 теңгеден басталады. Бұл елімізде қой бағасы қымбат үштікке кіретін қалалар. Екінші орында Ақтөбе мен Ақтау тұр. Мұнда қойды 70 000 теңгеден сатып алуға болады. Ал ең қымбаты Шымкент қаласында. Мұнда баға – 75 000 - 200 000 теңге.

Шошқа

Қазақстанның кез келген қаласынан шошқа табыла бермейді. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде өте сирек кездеседі. Сондықтан рейтинг тек шошқа сатылатын қалалар арасында жасалды. 

Ең арзаны – Тараз қаласында. Мұнда баға – 20 000 - 120 000 теңге аралығында. Содан кейін тұрған Қарағанды мен Жезқазғанда шошқа бағасы – 25 000 - 200 000 теңге.

Көкшетау, Өскеменде ең арзан шошқа құны 30 000 теңге болып тұр. Айтып өтейік, бұл ақшаға көбіне торай немесе әлі салмақ қос қоймаған жас шошқаны ғана сатып алуға болады. 

Қостанайда шошқа бағасы шамамен – 40 000-60 000 теңге, Алматыда 40 000 теңгеден басталып, 250 000 теңгеге жетеді. 

Петропавлда – 50 000 - 150 000, Павлодарда – 80 000 - 160 000 теңге. Ал Шымкентте шошқа бағасы қымбат. Мұнда 150 000 - 300 000 теңгеге сатылады. 

Бұған дейін еліміздің өңірлерінде үй жануарының құны қанша екенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар