Қазақстанда неке жасы ұлғайып, азаматтық неке көбейіп келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтанушы кейінгі жылдары Қазақстанда неке қию көрсеткіші азайып, отбасын құру жасы ұлғайып келе жатқанын айтты.

азаматтық неке
Фото: Pexel

– Соңғы зерттеулеріміз бойынша, орта есеппен әйелдер 25 жастан кейін, ал ерлер 28 жастан кейін некеге тұрады. Бірінші баланы дүниеге әкелу жасы да артқан – қазіргі орта жас шамамен 29-да, – дейді әлеуметтанушы Зарина Әскербек.

Сарапшының пікірінше, мұндай өзгеріске ең алдымен экономикалық факторлар әсер етеді. Жастар неке мен ата-аналық жауапкершілікті өз мойнына алмас бұрын тұрақты табыс көзін табуға және баспана мәселесін шешуге ұмтылады.

Зарина Әскербек
Фото: Видеодан скрин

– Көптеген респонденттер алдымен қаржылай тәуелсіз болуды қалайды. Бұл, бір жағынан, дұрыс тенденция. Адам тұрақталғаннан кейін ғана рухани және әлеуметтік дамуға көбірек көңіл бөле алады, – деді ол Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin Live» бағдарламасында.

Әлеуметтанушының сөзінше, қазір жастар арасында азаматтық неке де жиілей түскен. Мамандардың 2024 жылы жүргізілген зерттеу нәтижесінде, мұндай неке көбіне 30-44 жас аралығында кездесетіні анықталған.

– Азаматтық некеде жауапкершілік деңгейі төмен болады. Көп жағдайда бұл заң алдындағы және әлеуметтік міндеттемеден жалтаруға әкеп соғады. Дегенмен Қазақстанда дәстүрлі некенің басым үлесі сақталып отыр, – деді ол.

Демографиялық тұрғыдан алғанда, мұндай жағдай туу көрсеткішінің төмендеуіне және халықтың қартаюына әкелуі мүмкін. Бірақ Зарина Әкімбектің айтуынша, Қазақстанда бұл процесс дамыған елдермен салыстырғанда баяу жүріп жатыр.

Айта кетейік, елімізде неке бұзу кезінде мемлекеттік баж мөлшері артатынын хабарлаған едік

Соңғы жаңалықтар