Қазақстанда Оңтүстік Корея мен Германияның тәжірибесі негізінде Индустриялық даму институты құрылады - Ә.Исекешев
Бұл туралы бүгін Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев аталған ведомствода өткен Мемлекет басшысының биылғы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға және Елбасының тапсырмаларын орындау жөніндегі шараларды әзірлеуге арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлім етті.
Оның айтуына қарағанда, институт Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша өнеркәсіп салаларының дамуына талдау, болжау жасаумен, түрлі технологиялық мәселелерді зерделеумен, сонымен қатар нормативтерді, коэффициенттерді жасаумен айналыспақ.
Сонымен қатар институтқа эксперттік орган функциясы да жүктелетін болады. Ал аталған мекемені ұйымдастыру үшін өнеркәсіп саласында еңбек еткен ардагер сарапшылар тартылады. «Олардың көпшілігі қазіргі уақытта зейнет демалысында. Кеңестік және кеңестік кезеңнен кейін де олар өнеркәсіп саласында бас инженер, мемлекеттік жоспарлау қызметкері сияқты мамандықтар бойынша жұмыс істеген», деп атап өтті өз сөзінде министр.