Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда өтетін халықаралық AI олимпиадасының медалі таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы IOAI 2026 халықаралық олимпиадасының ресми медалін көпшілікке көрсетті.

Қазақстанда өтетін халықаралық AI олимпиадасының медалі таныстырылды
Фото: Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы

2026 жылғы 2–8 тамыз аралығында Астанада өтетін Жасанды интеллект бойынша 3-ші халықаралық олимпиаданың (International Olympiad in Artificial Intelligence — IOAI 2026) ресми медалін таныстырылды.

Медаль дизайны халықаралық олимпиаданың жаһандық мәртебесі мен Қазақстанның қабылдаушы ел ретіндегі рөлін үйлестіре отырып, жасанды интеллект саласындағы жас таланттарды қолдау, ғылыми ынтымақтастықты дамыту және технологиялық прогресті дәріптеу идеяларын бейнелейді.

Медальдің алдыңғы бетінде (аверсінде) IOAI 2026 ресми логотипі орналасқан. Ол жасанды интеллект бағытында білім алып, ғылыми ізденіспен айналысып жүрген дарынды жастардың жаһандық қауымдастығын жинайтын доданы бейнелейді. Шеңбер бойымен «3rd International Olympiad in Artificial Intelligence» деген жазу, төменгі бөлігінде «Astana 2026» атауы және Қазақстанның ұлттық мәдени мұрасын айшықтайтын дәстүрлі қазақ ою-өрнегі бейнеленген.

Астанада өтетін AI олимпиадасының ресми медалі көпшілікке көрсетілді
Фото: Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы

Медальдің сыртқы беті (реверсі) IOAI 2026 олимпиадасын ұйымдастырушы Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясына арналған. Оның ортасында Астанадағы Халықаралық жасанды интеллект орталығының штаб-пәтері — Alem.ai сферасы бейнеленген. Елорданың заманауи сәулет нышандарының біріне айналған бұл нысан Қазақстанның жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және инновациялар бағытындағы стратегиялық даму бағытын айқын көрсетеді. Шеңбер бойында олимпиаданың толық атауы, ал төменгі бөлігінде «Astana, Kazakhstan» деген жазу орналасқан.

— Медаль тұжырымдамасы өзара сабақтас екі идеяға негізделген. Алдыңғы беті IOAI-дың халықаралық сипатын, яғни әлемнің түкпір-түкпірінен келген жасанды интеллект саласындағы ең дарынды оқушыларды біріктіретін білім сайысын білдіреді. Ал сыртқы беті Қазақстанның осы ауқымды халықаралық жобаны өткізу арқылы жаһандық AI экожүйесінің дамуына қосып отырған үлесін және елдің өңірдегі технологиялық инновациялар орталығы ретінде қалыптасып келе жатқанын айшықтайды, — дейді ұйымдастырушылар.

Осылайша медальдің екі беті біртұтас мазмұндық идеяны қалыптастырады: әлемдік деңгейдегі олимпиада жасанды интеллект технологияларын дамытуға жүйелі түрде инвестиция салып, жас таланттарды қолдайтын және инновациялық болашақты бірге қалыптастырып жатқан елде өтеді.

Айта кетейік, 2026 жылы Астана әлемнің 110 елден келетін 500 шақты оқушыларды қабылдайды. Бір апта бойы олар машиналық оқыту, компьютерлік көру, табиғи тілді өңдеу және жасанды интеллекттің өзге де бағыттары бойынша білімдері мен тәжірибелерін сынға салады. IOAI 2026 медалі осы жоғары жетістіктің символына айналып, әлемнің үздік жас AI зерттеушілеріне табысталатын болады.

Бұған дейін қазақстандық оқушылар халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында 4 жүлде алғанын жаздық.