Қазақстанда өткен Болашақ ойындарын 200 млн-нан астам адам тамашалады
АСТАНА. KAZINFORM — «Болашақ ойындары 2026» халықаралық турнирі Қазақстанның ұлттық құндылықтары мен заманауи технологиялық әлеуетін әлемге танытуға мүмкіндік берді.
Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі Мейрамғазы Сапарғалиев Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.
Оның айтуынша, халықаралық додаға әлемнің мықты командалары қатысып, жарысқа жаһандық деңгейде қызығушылық артқан.
— Бүкіл жаһан назары Қазақстанда болды. Ойындардың барлығы тікелей эфирде көрсетіліп, 16 тілге аударылды. Осы тұрғыдан алғанда, біз әлемге ұлттық құндылықтарымызды да, заманауи технологиялық дамуымызды да тең дәрежеде көрсете алдық, — деді Мейрамғазы Сапарғалиев.
Министрлік өкілінің сөзінше, жарысқа келген шетелдік спортшылар мен қонақтарға Қазақстанның ұлттық мәдениеті таныстырылды.
— Менің есімде қалған ерекше сәттердің бірі — командалардың біздің ұлттық киімдерімізге қызығушылық танытуы. Олар ұлттық нақыштарды қайдан алуға болатынын сұрады. Кейбір спортшылар жарыс кезінде қазақтың ұлттық тақиясын киіп жүрді. Сонымен қатар ою-өрнек элементтерін өздерімен бірге алып келген құрылғыларына таққанын көрдік. Бұл біздің мәдениетімізге деген үлкен құрмет, — деді ол.
Маман фиджитал спорттың даму перспективасына да назар аударды. Оның пікірінше, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты Қазақстан бұл бағыттағы халықаралық бәсекеден қалыспауы керек.
— Спорт бір орында тұрақтап тұрмайды. Бұл жерде киберспорт пен фиджитал спорт тоғысып отыр. Қаржылық әлеует пен цифрлық технологияларға үлкен көңіл бөлініп жатқандықтан, біз бәсекелестіктен қалыспауымыз керек, — деді ол.
Мейрамғазы Сапарғалиев жастардың киберспортты тек ойын ретінде қабылдамай, оның технологиялық қырларын да меңгеруі маңызды екенін атап өтті.
— Жастар оны жай ғана ойнап қоймай, ойынды әрі қарай дамыту стратегиясын қалыптастыра білуі керек. Оның ішкі құрылымын, функционалын зерттеуі қажет. Осы тұрғыдан алғанда, бұл жоба жастардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта олар осы технологияларды зерттеп, елімізде әлемдік бәсекеге қабілетті бағдарламалар мен ойындар жасай алса, бұл үлкен жетістік, — деді министрлік өкілі.
Сонымен қатар ол турнирдің көрермендер санына қатысты алдын ала мәлімет берді.
— Қазір нақты санын айта алмаймын. Түстен кейін толық статистикалық ақпарат белгілі болады. Соның өзінде, турнирді 200 миллионнан астам адам тамашалады деп айта аламыз. Алғашқы күндердегі ағынды есептегенде, 400 мыңнан асады деп болжағанбыз, — деп түйіндеді Мейрамғазы Сапарғалиев.
Айта кетейік, Астанада халықаралық «Болашақ ойындары — 2026» турнирі аяқталды. Он күн бойы елорда фиджитал спорттың әлемдік орталығына айналып, цифрлық технологиялар мен дәстүрлі спортты біріктірген жарыстарға мыңдаған жанкүйер куә болды.