Қазақстанда Польша капиталымен жұмыс атқаратын 200-ге жуық компания тіркелген (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан бүкіл Азия өңірінде Польша үшін ең маңызды әріптес мемлекеттердің біріне айналды. Бұл туралы бүгін Алматыда Польша-Қазақстан Бизнес кеші барысында Польша Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мацей Ланг мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, Қазақстан мен Польша арасындағы сауда-экономикалық байланыс жылдан-жылға арта түсуде.

«Бұған қарап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дами түсетіндігін айтуға болады. Қазақстан Польша үшін бүкіл Азия өңірінде ең маңызды бес әріптес мемлекеттің біріне айналды. Олар: Қытай, БАӘ, Сингапур, Жапония және Қазақстан. Яғни, Қазақстанның экспорттық әлеуеті өте жоғары. Сондықтан да көптеген польшалық компаниялар Қазақстандық әріптестерімен тығыз байланыс орнатқан. Бүгінде Қазақстанда Польша капиталымен жұмыс атқаратын 190 компания тіркелген. Ал Қазақстанмен арадағы сауда айналымына 2000-ға жуық польшалық компания қатысады. Бұл өте жақсы көрсеткіш», - деді өз сөзінде Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мацей Ланг.

Бүгінгі іс-шара барысында Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастыққа өтіп бара жатқан жыл аясында қорытынды жасалды. Сонымен қатар Польшамен белсенді ынтымақтастық жүргізетін қазақстандық компанияларға, сондай-ақ Қазақстан аумағында әр түрлі жобаларды сәтті жүзеге асырып отырған польшалық компанияларға құрмет көрсетіліп, оларға арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетелік, Польша мен Қазақстан арасындағы 2015 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығындағы тауар айналымы келесідей көрсеткіштерді құраған: жалпы тауар айналымының көлемі - 704 775,1 мың АҚШ долларын, Қазақстаннан Польшаға экспортталған тауарлардың көлемі - 429 353,7 мың АҚШ долларын және Польшадан Қазақстанға импортталған тауарлардың көлемі 275 401,5 мың АҚШ долларын құраған.

Тағы бір айта кететін жәйт, Қазақстанға Польшадан экспортталған тауарлардың басым бөлігін машиналар, механикалық құрал-жабдықтар, жаңа піскен жемістер, электрлік құрал-жабдықтар және фармацевтикалық өнімдер құрайды.

Соңғы жаңалықтар