Елімізде рақымшылықпен 1 300-ден астам сотталған босатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңның іске асырылу барысы тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.
ІІМ мәліметінше, заң күшіне енген алғашқы күннен бастап барлық аумақтық бөлімшелерде жүйелі жұмыс ұйымдастырылған.
«Заң күшіне енген алғашқы күннен бастап барлық аумақтық бөлімшелерде жүйелі жұмыс ұйымдастырылды. Біз күн сайын материалдардың уақытылы дайындалуын, олардың соттарға жолдануын және қабылданған сот шешімдерінің орындалуын бақылауда ұстаймыз. Бүгінгі таңда соттарға 10 мыңнан астам ұсыныс жолданды. Оның ішінде 4 400-ге жуығы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерімен, ал 6 900-ден астамы пробация қызметтерімен дайындалған», – деді ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаев.
Қазіргі уақытта соттар мыңнан астам материалды қарап шыққан. Соның нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 620 адам босатылды. Олар босатылғаннан кейін әкімшілік қадағалауда болады.
Сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған 724 азамат жазасын өтеуден босатылды. Бұдан бөлек, 730-дан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.
«Айта кету керек, қылмыстық рақымшылық автоматты түрде қолданылмайды. Әрбір сотталған бойынша материалдар жеке қаралып, түпкілікті шешімді тек сот қабылдайды», – деп атап өтті Нияз Рыспаев.
Айта кетейік, 33 жыл бойы жылқы бағып, сотталған ақтөбелік рақымшылыққа ілікті.