Қазақстанда сапасыз өнімге қатысты 136 кәсіпкер жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында «Сапалы өнім» жобасы аясында тексерілген өнімдердің 49%-ынан заң бұзушылық анықталды. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Болат Танабергенов айтты.

Қазақстанда сапасыз өнімге қатысты 136 кәсіпкер жауапқа тартылды
Фото: Астана әкімдігі

Оның мәліметінше, биылғы алғашқы үш айда еліміз бойынша 363 түрлі өнім тексерілген.

— Тексеру нәтижесінде 179 өнімнен заң бұзушылық анықталды. Бұл барлық тексерілген өнімнің 49%-ын құрайды. Заң бұзушылықтардың 77%-ы таңбалау талаптарына қатысты болса, 23%-ы санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауына байланысты болды. Соның нәтижесінде 136 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді Болат Танабергенов.

Бұған дейін қазақтандықтар тұтынушы құқығын қорғау бойынша өтініш жазуды жиілеткенін жазған едік.