Қазақтандықтар тұтынушы құқығын қорғау бойынша өтініш жазуды жиілеткен
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде азаматтардың тұтынушы құқығын қорғауын талап еткен өтініштердің саны үш есе артқан. Көбіне қазақстандықтар бөлшек және электронды сауда, сондай-ақ тұрмыстық қызметтер бойынша шағым түсіреді.
Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Болат Таңабергеновтің орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында келтірген мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылы уәкілетті органға 21 мың өтініш түскен, 2024 жылы олардың саны 62,5 мыңға дейін көбейген.
Биыл 10 айдың ішінде шамамен 68 мың шағым тіркелген.
Тұтынушылар ең көп шағымданатын үш бағыт:
— Бөлшек сауда — 28 мың өтініш (41%). Тұтынушылар тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартқаны үшін, сондай-ақ ақауы бар немесе сапасыз тауардың ақшаны қайтармағаны үшін шағымданады;
— Интернет-сауда — 15,3 мың (23%). Негізгі себептер — тауар немесе сатушы туралы ақпараттың жеткіліксіздігі, тауардың сипаттамаға сәйкес келмеуі, дүкендердің ақшаны қайтарудан бас тартуы және алаяқтық жағдайлар;
— Тұрмыстық қызметтер — 5,2 мың (8%).
Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің ақпараты бойынша, кейбір сала бойынша шағым үлесі аз болғанымен, жекелеген бағыттарда келіп түсетін өтініш өте жоғары. Мысалы, білім беру саласына қатысты шағымдар саны 234%-ға өскен, қоғамдық тамақтану бойынша тұтынушының құқығын қорғау туралы өтініш көлемі 196%-ға артып отыр.
— Жекелеген салалардағы шағым санының артуы тұтынушылардың құқығын тиімді қорғау тетіктерін әзірлеу үшін мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен күш-жігерін талап етеді. Қазір тұтынушылар тауарлар мен қызметтердің сапасына барынша талапшыл, бұл заңнаманы жетілдірумен қатар, бизнестің клиенттердің қажеттілігін қанағаттандыруға деген көзқарасын өзгертуін қажет етеді, — дейді Болат Таңабергенов брифинг барысында.
Оның айтуынша, түскен шағымдардың 37%-ы толық қанағаттандырылған, яғни әрбір үшінші тұтынушы өтемақы алған. Тағы 34%-ы түсіндіру және кеңес алған, ал 23% өтініш басқа мемлекеттік органдарға әрі қарай қарастыру үшін жолданған.
Бұған дейін министрлік өкілі «Жеңілдікпен алған тауарды қайта өткізуге бола ма?» деген сауалға жауап берді.
Айта кетейік, елімізде сауда орындарында екі түрлі баға қою жүйесі енгізіліп жатыр: сатып алу және бөліп төлеу. Оның айырмашылығын құзырлы орган өкілі түсіндіріп берді.