Қазақстанда сары май өндірісі азайды – министр себебін түсіндірді
«Елімізде сары май өндірісі қалай болып жатыр? Сұраныс артса да, өндіріс керісінше азаюда дейді. Бұл қаншалықты рас?», - деген сұрақ қойылды Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Расында биыл бізде сары май өндірісі көлемі сәл азайып жатыр. Оның басты себебі – халықтың сұранысы.
«Негізгі май шығаратын шикізат – сүт қой. Елімізде сүт өндірісі өсіп жатыр, шикізат тапшылығы жоқ. Биылғы 7 ай қорытындысы бойынша 2,7 млн тонна сүт өндірілген, бір келі май өңдеу үшін 20-24 литр сүт қажет. Май сататындардың табысы аса көп емес, бір өнімді алты айдай сатуы мүмкін. Сосын май нарығында бәсеке өте жоғары. Сондықтан өндірушілердің өзі майды өңдемей, қаймақ пен йогурт жасауға ауысып кетуі мүмкін. Нарықтың балансы осындай болып тұр. Сары май аз болады, қант секілді тапшы болады деген сөз емес. Себебі бізде сүт жеткілікті, керек кезде сұраныс болса, сүттен қажет көлемді ала аламыз», - деп жауап берді Е. Қарашөкеев.
Сонымен бірге, Ауыл шаруашылығы министрі импорттық бәсеке мәселесін де атап өтті.
«Сырттан да сары май келіп жатыр, бағасы біздікінен төмен болуы мүмкін, сол себепті май өндірісінің азаюы – май жасаушылардың өз шешімі, нарықтың сұранысы. Былтыр сары майды негізгі импорттаушылар – көршілес Ресей мен Беларусь болды, Украинадан да май жеткізілген еді. Статистика бойынша, былтырғы 7 айда май өңдеу көлеміміз 11 пайызға төмендеді. Сондықтан 2 мың тоннаға дейін май импорты өскен. Негізі баланс сақталып отыр. Сары майды көбейту үшін сұраныс болуы керек. Сұраныс болса, зауыттардың өздері нарыққа қарап, майды шығару тиімді екенін көрсе, өндірісті өсіре салады. Ең бастысы, қажет болған жағдайда сүт бар. Ешқандай кедергі жоқ», - деді Ербол Қарашөкеев.
Бұған дейін министр елдегі бидай мен ұнның қоры мен бағасына болжамдарын айтқан еді.