Министр бидай мен ұнның бағасына болжам жасады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда бидай қоры жеткілікті және ұнның бағасы сәл төмендейді деп болжам бар. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Бұған дейін көктемде, күзде Қазақстанда бидай, ұн тапшылығы қатты сезіледі деген әңгіме шыққан еді. Қазіргі жағдай қалай? Қыста Қазақстанда ұн тапшылығы болмай ма? Осы бойынша қандай іс-шаралар жүргізіліп жатыр?», - деген сұрақ қойылды Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.

Ербол Қарашөкеев өз жауабында елдегі бидай қоры жеткілікті екенін, тапшылыққа еш негіз жоқтығын айтты.

«Өзіміз санап көрейікші, биыл 13,4 млн тонна бидай жинаймыз. Былтырғы бидайдан 2,5 млн тонна қалдық қалды. Оның ішінде 360 мың тонна бидай «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы қорында тұр. Бидайдың елдегі тұтынылып отырған көлемі – 6-7 млн тонна. Сондықтан алдағы уақытта жиналатын бидай мен қордағы бидайды есептеңіз. Ол тұтынылатын бидайдың көлемінен бірнеше есеге асып тұр. Сондықтан бидай мен ұн тапшылығы болады деуге негіз жоқ», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Министр жоғары санатты ұнның бағасы өсуі мүмкін деген мәселеге де тоқталды.

«Қазір нарықта бидайдың бағасы арзандап жатыр. Екі-екі жарым ай бұрын бидайдың бағасы 175-180 теңгеге дейін көтерілген еді. Қазір Ресей Федерациясынан бидай экспорты ашылып, елімізге 1,2 млн тонна бидай экспортталады деген болжам болды. Өзімізде және оңтүстікте бидай жинау науқанын бітірдік. Астықты жинап алдық. Қазір солтүстік өңірлерде жаппай астық жинау науқаны басталды. Жоспарымыз дұрыс. Сондықтан бидайдың бағасы 145-150 теңгеге дейін төмендеді. Осыған қарамастан біз «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы тарапынан арзандатылған бидайды өңірлерге жіберіп жатырмыз. Ол әлеуметтік нан бағасын тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді. Сондықтан жағдай тұрақты. Қазір нарықтың динамикасына қарағанда бидай мен ұнның бағасы сәл төмендейді деп болжам жасап отырмыз. Сондықтан Қазақстандағы бидайдың қоры жеткілікті. Ұнсыз қалмаймыз», - деді Ербол Қарашөкеев.

Фото: t.me/KZgovernment




Соңғы жаңалықтар