Қазақстанда сәуірде құрылыс материалдары мен жөндеу жұмыстарының құны өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың сәуір айында Қазақстандағы құрылыс саласында баға өзгерістері байқалды. Наурыз айымен салыстырғанда құрылыс саласындағы жалпы баға индексі 100,8%-ды құрады.
Бюро сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, ең жоғары баға өсімі құрылыс-монтаж жұмыстары саласында тіркелді. Бұл бағыттағы көрсеткіш 100,8%-ды құрады. Ал машиналар мен жабдықтардың бағасы сәл төмендеп, 99,8%-ға дейін түскен. Сонымен қатар өзге жұмыстар мен шығындар көлемі 101,1%-ға жеткен.
Құрылыс өнімдері мен шикізат
Құрылыс өнімдерінің ішінде пластмасса бұйымдарының бағасы айтарлықтай өскен. Бұл өнімдер бойынша көрсеткіш 108,2%-ды құрады. Сонымен бірге цемент пен тауарлық бетонның бағасы да көтерілген. Атап айтқанда, цементтің көрсеткіші 101,0%-ға, ал тауарлық бетон 100,3%-ға жеткен.
Ал кейбір құрылыс өнімдерінің бағасы төмендеген. Мәселен, бояу мен лак өнімдерінің көрсеткіші 97,1%-ды құраса, ағаш материалдары 99,4%-ға дейін төмендеген. Сондай-ақ мұнай өңдеу өнімдерінің көрсеткіші 99,5%-ды, ал бейметалл материалдар 99,7%-ды көрсеткен.
Әйнек, әк, гипс және металл конструкцияларының бағасы өзгеріссіз қалып, көрсеткіш 100,0% деңгейінде сақталған.
Өңірлердегі көрсеткіштер
Өңірлер бойынша құрылыс саласындағы орташа баға көрсеткіші 100,8%-ды құрады. Ең жоғары өсім Түркістан облысында тіркеліп, көрсеткіш 101,1%-ға жеткен. Ал ең төменгі көрсеткіш Алматы және Қарағанды облыстарында байқалды — 100,1%.
Астана, Алматы және Шымкент қалаларында құрылыс саласындағы баға көрсеткіші 100,8%-ды құраған.
Құрылыс өнімдерінің бағасы
Құрылыс ұйымдары арасында жүргізілген іріктемелі зерттеу деректеріне сәйкес:
- құм — 4 628 теңге/текше м;
- қиыршық тас — 6 557 теңге/текше м;
- битум — 182 618 теңге/тонна;
- М400 цементі — 53 884 теңге/тонна;
- ЦЕМ I 42,5 Н цементі — 45 251 теңге/тонна;
- ПФ-115 эмалі — 1 517 013 теңге/тонна;
- М350 бетоны — 16 488 теңге/тонна;
- табақ болат — 380 343 теңге/тонна;
- А-1 арматурасы — 336 709 теңге/тонна;
- А-III арматурасы — 330 727 теңге/тонна.
Бұған дейін Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда жиналған коммуналдық қалдық көлемі 4,1 млн тоннаға жеткені туралы мәлімет жариялаған еді.