Қазақстанда шетелдік жүргізушілерді жазалайтын амал табылды
АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысында Қазақстан аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзған шетелдік мемлекеттік тіркеудегі автокөлік жүргізушілерін әкімшілік жауапкершілікке тартудың жаңа тетігі енгізілді.
Бұған дейін шетелдік тіркеудегі көлік иелерін анықтап, оларға әкімшілік айыппұл туралы нұсқама табыстау қиын болғандықтан, көптеген құқық бұзушы ел аумағынан жауапкершілікке тартылмай шығып кететін.
– Облыс прокуратурасының бастамасымен мүдделі мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасу жолға қойылып, өзара іс-қимылдың бірыңғай тәртібі енгізілді. Енді құқық бұзушылық анықталғаннан кейін көлік иесі анықталып, айыппұл туралы нұсқама рәсімделеді. Мемлекеттік шекараны қайта кесіп өткен кезде ол құқық бұзушыға табысталып, төленбеген айыппұл болса, полиция қызметкерлері оны өндіріп алу шараларын қабылдайды, – делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Жаңа тетіктің нәтижесінде шетелдік мемлекеттік тіркеудегі автокөліктердің 400-ден астам иесі белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 28 млн теңгені құрады. Қазіргі уақытта 33 көлік иесінен 1 млн теңгеден астам айыппұл өндірілген.
– Қазіргі таңда мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттырып, заң бұзғандардың жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеуге мүмкіндік береді, – деп мәлімдеді Жетісу облысының прокуратурасы.
Айта кетейік, маусым айында 167,8 мың автокөлік есепке қойылды.