Қазақстанда сирек кездесетін жануарлар тізіміне тағы 11 түрі енгізілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы сирек кездесетін жануарлар тізімінен 21 түрі шығарылады. Бұл туралы Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің отырысында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлім етті.

кесіртке
Фото: Михаил Бибичков

- Республика аумағында 835 омыртқалы жануар түрі мекендейді, оның ішінде сүтқоректілер – 178, құстар – 489, бауырымен жорғалаушылар – 49, қосмекенділер – 12, балықтар – 104. Қазақстандағы сирек және жойылып кету қаупі төнген жануарлар тізіміне 227 түрі енгізілген, оның ішінде 132 омыртқалы және 96 омыртқасыз жануар түрі бар, - деді Н. Шәрбиев.

Оның айтуынша, жойылып кету қаупі бар аңдардың тізімін жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл тұрғыда қауіптің азаюына байланысты омыртқасыздар санатындағы 21 түрі тізімнен шығарылмақ. Сондай-ақ омыртқасыздардың 6 (шаянның 3 түрі мен жәндіктердің 3 түрі) түрін және омыртқалы 5 (құстың 2 түрі мен кесірткенің 2 түрі және сүтқоректінің 1 түрі) түрін тізімге қосу ұсынылып отыр.

- Бұл жануар түрлерін сақтау министрліктің басым бағыты саналады. Еліміздің биоалуантүрлілігін сақтау мақсатында жүргізілген шаралардың арқасында тоғай бұғысы, құлан, арқар, қарақұйрық сияқты сирек кездесетін түрлердің популяциясы артты, - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Парламенті депутаттарының бастамашылығымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аңшылық саласы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжіліске енгізілді.

 

Соңғы жаңалықтар