Қазақстанда соңғы он күнде қар құрсауынан 145 адам құтқарылды

АСТАНА. KAZINFORM – 11-20 ақпан аралығында қолайсыз ауа райына байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары қар құрсауынан 145 адамды, оның ішінде 17 баланы құтқарып, эвакуациялады. Сондай-ақ 48 автокөлік шығарылды.

в
Фото: ТЖМ

Боран, көктайғақ, қатты жел және нөлдік көріну жағдайларына байланысты дауылды ескертулер мен автожолдардың жабылуы туралы ақпарат халыққа СМС-хабарламалар, ТЖМ және аумақтық бөлімшелердің интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілері арқылы жеткізілді. Авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарына құтқарушылар мен полиция қызметкерлері жұмылдырылды.

- ТЖД бөлімшелері өтімділігі жоғары техникамен автожолдардың күрделі учаскелерінде патрульдеу жүргізіп, кептелісте қалған көліктер мен адамдарға көмек көрсетуде. Құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеуді жалғастырып жатыр, - деп жазды ТЖМ баспасөз қызметінен.

Өңірлердегі құтқару жұмыстары

Ақмола облысында «Астана – Петропавл» тасжолында қозғалтқышы істен шыққан «Петропавл – Шымкент» бағытындағы автобус тоқтап қалған. 13 жолаушы, оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары эвакуацияланып, Макинск қаласындағы жылыту пунктіне жеткізілді.

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында қар құрсауында қалған жеңіл автокөліктен бір отбасының үш мүшесі, оның ішінде бала мен жүкті әйел құтқарылды.

Абай облысының Аягөз ауданында техникалық ақауға байланысты жолда қалған «Өскемен – Алматы» бағытындағы автобустан 28 адам, оның ішінде 7 бала эвакуацияланды.

Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен – Тарғын – Самар» автожолында қар құрсауында қалған үш көліктен 10 адам, оның ішінде екі бала шығарылды.

Қарағанды облысында «Новосибирск – Шымкент» бағытындағы автобустан 15 жолаушы, оның ішінде 4 бала жылыту пунктіне жеткізілді.

Солтүстік Қазақстан облысында жол жиегіндегі орға түсіп кеткен көлік сүйреліп шығарылды.

Жетісу облысында Алакөл және Сарқан аудандарында барлығы 17 адам эвакуацияланды.

Ақтөбе облысында Темір ауданында қар құрсауында қалған үш адам құтқарылды.

Павлодар облысында далада адасқан үш ер адам табылып, елді мекенге жеткізілді.

Маңғыстау облысында Бейнеу ауданында жоғалып кеткен төрт азамат қар құрсауынан эвакуацияланды.

Атырау облысында Құрманғазы ауданында мерзімінен бұрын дүниеге келген нәресте мен анасы 550 шақырымдық қарлы боран мен көктайғақты еңсеру арқылы аудандық ауруханаға жеткізілді.

Жамбыл облысында құтқарушылар қарға батып қалған жедел жәрдем көлігіне көмек көрсетіп, медицина қызметкерін науқасқа жеткізді. Сонымен қатар Талас, Жуалы және Шу аудандарында қар құрсауында қалған бірнеше автокөлік шығарылды.

ТЖМ азаматтарды дауылды ескертулерді қадағалап, қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шықпауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

Айта кетейік, Алматы құтқарушыларына күніне 3 мың қоңырау түседі.

Соңғы жаңалықтар
Референдум