Қазақстанда Starlink Direct to Cell спутниктік байланыс технологиясы сынақтан сәтті өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан әлемдегі алғашқы елдердің бірі қатарында 2026 жылдың ақпан айынан бастап SpaceX компаниясының Direct-to-Cell (D2C) спутниктік байланыс технологиясын кезең-кезеңімен енгізуді бастайды. Бұл туралы ЖИ және цифрлық даму министрлігі хабарлады.

Қазақстанда Starlink Direct to Cell спутниктік байланыс технологиясы сынақтан сәтті өтті
Фото: ЖИ және цифрлық даму министрлігі

Күзде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапары барысында маңызды келіссөздер өтіп, елімізге әлемдік озық технологияларға жол ашатын бірқатар құжатқа қол қойылды. Солардың бірі Starlink компаниясының Direct to Cell спутниктік байланыс технологиясын енгізу туралы келісім.

Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев, Beeline Қазақстан компаниясының президенті Евгений Настрадин және SpaceX (Starlink) компаниясының өкілдері Орталық Азияда алғаш рет Direct-to-Cell технологиясын сынақтан өткізді.

Қазақстанда Starlink Direct to Cell спутниктік байланыс технологиясы сынақтан сәтті өтті
Фото: ЖИ және цифрлық даму министрлігі

Сынақ кезінде Starlink спутниктік желісі мен Beeline Қазақстанның жерүсті мобильді желісі біріктіріліп, қарапайым ұялы телефон арқылы SMS-хабарламалар мен мессенджер арқылы қоңыраулар сәтті жіберілді.

Direct-to-Cell технологиясы қосымша құрылғыларды қажет етпей, стандартты мобильді телефонды тікелей спутникке қосуға мүмкіндік береді. Бұл дәстүрлі байланыс инфрақұрылымы жоқ дала, таулы және шалғай өңірлерде де байланыс қолжетімді болатынын білдіреді.

Технология кезең-кезеңімен енгізіледі: бастапқы кезеңде пайдаланушылар SMS-хабарламалар жібере алады, ал келесі кезеңдерде дыбыстық байланыс пен басқа да сервистер қолжетімді болады. 2027 жылы негізгі қызмет түрлерінің басым бөлігі іске қосылады деп жоспарланып отыр.

— Бұл бастама Мемлекет басшысының елді толық цифрландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес келеді. Барлық өңірде цифрлық қызметтердің сенімді жұмыс істеуі үшін заманауи байланыс арналары қажет. Спутниктік байланыс — осы архитектураның маңызды бөлігі. Ең мағыздысы — әрдайым байланыста болу мүмкіндігі. Төтенше жағдайларда, шалғай өңірлерде немесе жолда бұл қызмет түрі шешуші рөл атқарады. Мұндай технологиялар цифрлық тұрақтылықты арттырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартады», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.

Қазақстанда Starlink Direct to Cell спутниктік байланыс технологиясы сынақтан сәтті өтті
Фото: ЖИ және цифрлық даму министрлігі

Бүгінгі таңда мұндай жобалар әлемнің санаулы елдерінде ғана жүзеге асырылуда. Қазақстан — Орталық Азияда Direct-to-Cell технологиясын сынақтан өткізген алғашқы мемлекет.

Бұл технология байланыс пен қауіпсіздік тұрғысынан ерекше маңызды. Ол құтқару және медициналық қызметтерге, туристер мен шалғай елді мекен тұрғындарына жерүсті желілері болмаған жағдайда да тұрақты байланысты қамтамасыз етеді.

Бұдан бұрын Қазақстанда Starlink спутниктік интернеті ресми түрде іске қосылғаны белгілі болды. Қызметтің айлық тарифі 23 мың теңгеден басталса, терминал бағасы шамамен 104 мың теңге.

Соңғы жаңалықтар