Қазақстанда төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға тұрғын үй беру қағидалары жаңартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру тәртібі жаңартылды. Бұл туралы Индустрия және құрылыс министрлігінің биыл 4 қарашадағы бұйрығында жазылған.

өтемақы
Фото: Kazinform

Жаңа қағидаларға сәйкес, төтенше жағдай салдарынан баспанасынан айырылған азаматтар төтенше жағдай болған өңірдің жергілікті атқарушы органына жүгініп, келесі құжаттарды тапсыруы қажет:

- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- жылжымайтын мүлік иесінің немесе сенімхат бойынша өкілінің өтініші;
- тұрғын үй нысанының кадастрлық паспорты;
- жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат (жеке меншік құқығын растайтын акт);
- «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы берген жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама.

Сонымен қатар егер зардап шеккен азаматтарда тұрғын үйдің заңды меншік иесі екенін дәлелдейтін құжат болмаса, олардың тұрғын үйге иелік ету дерегі «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының мәліметтерімен, сондай-ақ әлеуметтік қорғау, ішкі істер, денсаулық сақтау және білім беру органдарының немесе коммуналдық қызмет төлемдері туралы деректермен расталуы мүмкін.

Төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғын үйдің техникалық жағдайын тексеру ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен тұрақтылығын техникалық зерттеу қағидаларына сәйкес жүргізіледі. Бұл жұмыстар жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.

Тұрғын үйсіз қалған және тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізімі олардың өтініштері негізінде қалыптастырылады. Өтініштер төтенше жағдай жарияланған күннен бастап екі ай ішінде қабылданады. Қалыптастырылған тізімдер жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында айына кемінде екі рет жарияланып отырады.

Сондай -ақ тізімдер толық жасақталған соң екі күнтізбелік күн өткеннен кейін тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия құрылады. Комиссия бес жұмыс күні ішінде тұрғын үйді мемлекеттік тұрғын үй қорынан беру немесе жазбаша түрде дәлелді бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруден бас тарту негіздері ретінде құжаттардың болмауы немесе жалған ақпараттың ұсынылуы көрсетілген.

Типтік жобалар бойынша тұрғын үйлердің құрылысы мен сатып алынуы бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асырылады. Егер тұрғын үйдің құны немесе ауданы бекітілген типтік жобадан асып кетсе, артық сома бюджеттен тыс көздер есебінен қаржыландырылады.

Сонымен қатар төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға комиссия белгілеген елді мекендерде өз бетімен тұрғын үй іздеуге рұқсат етіледі. Мұндай тұрғын үйді жергілікті атқарушы орган сатып алып, заңнамаға сәйкес зардап шеккен азаматқа береді. Сатып алынатын тұрғын үйдің құны бекітілген типтік жоба құнынан аспауы тиіс.

Тұрғын үй алған азаматтардың тізімі комиссия шешім қабылдаған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында және өңірлік БАҚ-та жарияланады.

Бұйрық 2025 жылғы 18 қарашадан бастап күшіне енеді

Еске сала кетейік, елімізде мемлекеттік тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және баспана беру тәртібі жаңартылды.

 

Соңғы жаңалықтар