Қазақстанда цифрлық мәліметтерді алмасуға арналған платформалар тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда цифрлық деректер өнімдерінің алмасуы мен айналымына арналған алғашқы төрт платформа мемлекеттік тізілімге тіркелді. Осылайша, елімізде реттелетін деректер нарығы қалыптаса бастады.
Бұл туралы Цифрлық кодекс ережелерін іске асыруға арналған конференцияда ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, алғаш тіркелген платформалардың қатарында MedHub, Astana Data Exchange (ADX) және Kompra бар.
MedHub ғылыми зерттеулерде, талдау жұмыстарында және денсаулық сақтау саласындағы цифрлық шешімдерді әзірлеуде иесіз медициналық деректерді қауіпсіз алмасуға әрі пайдалануға арналған.
Astana Data Exchange (ADX) платформасы цифрлық деректер өнімдерін орналастыруға, іздеуге, алмасуға және коммерцияландыруға мүмкіндік береді.
Ал Kompra мұндай өнімдерді контрагенттерді тексеру, тәуекелдерді бағалау және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін пайдаланады.
– Алғаш тіркелген платформалар Цифрлық кодекс ережелерінің іс жүзінде жүзеге асырыла бастағанын көрсетеді. Ұлттық деректер нарығының алғашқы элементтері қалыптасты. Бұл цифрлық экономиканың дамуына, деректерді стратегиялық актив ретінде кеңінен пайдалануға және жасанды интеллект негізіндегі жаңа сервистерді енгізуге ықпал етеді, – деді Мақсат Тұрлыбаев.
Ұлттық статистика бюросының басшысы мұндай платформалар қызметін хабарлама тәртібімен бастай алатынын түсіндірді.
Оның айтуынша, меншік иесі немесе иеленуші электрондық лицензиялау ақпараттық жүйесі арқылы тиісті хабарлама жолдайды. Бұл әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді. Ал уәкілетті орган заңнама талаптарының сақталуына кейінгі бақылау жүргізеді.
Деректер қауіпсіздігіне қатысты да жекелеген талаптар белгіленген. Платформа иелері дербес деректер туралы заңнама мен киберқауіпсіздік талаптарын сақтауға, жасалатын мәмілелердің заңдылығын қамтамасыз етуге және қатысушыларды жұмыс қағидалары туралы хабардар етуге міндетті.
Сонымен бірге цифрлық деректер өнімдері өңделіп, құрылымдалған болуы, сапа талаптарына сай келуі және адамның аты-жөнін анықтауға мүмкіндік беретін дербес деректерді қамтымауы тиіс.
Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, мұндай платформалардың дамуы бизнеске цифрлық деректер өнімдерін заңды түрде пайдалануға, оларды коммерцияландыруға және солардың негізінде жаңа сервистер әзірлеуге мүмкіндік береді. Ал мемлекет жасанды интеллектіні енгізуді жеделдетіп, цифрлық қызметтердің тиімділігін арттыра алады.
Еске салайық, 2026 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстанда Цифрлық кодекс ресми түрде күшіне енді. Құжат цифрлық технологияларды жүйелі дамытуға, жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге және орнықты цифрлық ортаны қалыптастыруға негіз қалады.