Қазақстанда тұңғыш рет біліктілікті арттыру жүйесінде оқыту мен жалақыға үстемақы төлеу мүмкіндігін байланыстыру жүзеге асырылуда
Оны дайындаған Кембридж университеті мен «Назарбаев зияткерлік мектебі» жанындағы педагогиалық шеберлік орталығы. Бүгінгі таңда Ұлыбританиядан келген жаттықтырушылар 199 мұғалімді жаңа технология бойынша оқытуды бастап та кетті. Онда 3 айлық бағдарлама бойынша оқытудың 3 деңгейлік базасын игеру ұсынылады. Кембридж университетінің профессоры Колин Вильямның айтуынша, бұл жобаның мазмұны білім берудегі әлемдік үрдістерді қамтитын сауалдарға жауап іздеп, сыни көзқарастарды дамыту, оқушылардың нәтижелі жетістіктерін бағалай отырып, ақпараттық технологияларды және білім беру ісіндегі менеджмент мәселелерін жан-жақты дамытуды көздейді.
«Қазіргі заман педагогтарының басты міндеті - оқушыларға білім беру ғана емес. Сонымен қатар тиімді әрі қызықты үдерістер арқылы өз шәкіртінің алған білімін өмірде дұрыс қолдануға дағдыландыру болып табылады», дейді Алматы қалалық біліктілікті арттыру институтының директоры Раушан Ахмедова. Оның сөзіне қарағанда, онда 5 жылда қаладағы 180 мектептің 4500 мұғалімі қайта даярлықтан өткізілмек. Олар 2 ай өндірістен қол үзіп, 1 ай он-лайн тәртібінде қашықтықтан оқытылады. Оқу бағдарламасын сәтті аяқтап, сынақты ойдағыдай тапсырып, біліктілік деңгейін растайтын сертификатқа қол жеткізген оқытушылардың жалақысына үстемақы қосылады.