Қазақстанда туристерге арналған визит-орталықтардың жұмысына бірыңғай стандарт енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрлігі визит-орталықтардың қызметін реттейтін бірыңғай қағидаларды бекіткенін хабарлады. Құжат туристік нысандарда, бағыттарда және туристік аймақтарда орналасқан визит-орталықтардың қызметіне қойылатын бірыңғай талаптарды айқындайды.
Кәсіпкерлік субъектілері ашатын визит-орталықтар туристерге қажетті ақпарат пен қызмет көрсетіп, туристік сервистің сапасын арттыруға, саяхат-сапарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және заманауи туристік инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді.
Еске сала кетейік, биыл визит-орталықтардың мәртебесі заңнамалық тұрғыда туристерді ақпараттандыруға және туристік қызмет көрсетуге арналған туризм нысаны ретінде бекітілді. Сонымен қатар оларды орналастыру, салу, жаңғырту, жабдықтау, күтіп-ұстау және пайдалану мәселелері заңнамалық деңгейде реттелді.
Сондай-ақ уәкілетті органға визит-орталықтардың жұмыс тәртібі мен оларға қойылатын талаптарды бекіту құзыреті берілді. Қағидаларға сәйкес визит-орталықтар туристерге өңірлердің туристік әлеуеті, көрікті жерлері, туристік бағыттары мен нысандары туралы өзекті ақпарат ұсынады, келушілерге кеңес береді, ақпаратты уақытылы жаңартып отыру үшін туристік ақпараттық орталықтармен өзара іс-қимыл жасайды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес туристік қызметтер көрсетеді.
Құжатта қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Туристік нысандарға немесе бағыттарға бару мүмкіндігіне әсер ететін жағдайлар туындаған кезде, бұл туралы ақпарат визит-орталықта және оның интернет-ресурсында ақпарат түскен сәттен бастап бір сағаттан кешіктірілмей жариялануы тиіс. Қағидалар визит-орталықтардың жұмыс режимін де айқындайды. Ол нысанның орналасқан жеріне, туристер легіне және туристік ресурстарға бару тәртібіне қарай жыл бойы немесе маусымдық негізде жұмыс істеуі мүмкін.
Келушілерге қызмет көрсету мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, құжатта мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі өзге де топтарға кедергісіз орта қалыптастыру көзделген. Сондай-ақ персоналдың кәсіби біліктілігі мен қызмет әдебіне қойылатын талаптар белгіленіп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес визит-орталықтар жанынан қоғамдық тамақтану, сауда, орналастыру және басқа да сервистік инфрақұрылым нысандарын орналастыруға мүмкіндік беріледі.
Аталған қағидалардың қабылдануы еліміздің барлық өңірінде визит-орталықтардың жұмысына бірыңғай стандарт енгізуге, туристерді уақтылы әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге, қызмет көрсету сапасын арттыруға және Қазақстан бойынша саяхаттауға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері Алматының визит орталықтарына қанша шетелдік турист барғанын жазған едік.