Қазақстанда тұрмыстық қалдықтың 1 млн тоннасы ғана қайта өңделеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде шыны, пластик және макулатура сияқты қоқыс түрлерін қайта өңдеу көрсеткіші төмен. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді.

Ерлан нысанбаев
Фото: primeminister.kz

«Әкімдіктердің мәліметінше, былтыр 2023 жылы елімізде 4,1 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдық жиналған, оның 1 млн тоннасы (24%) сұрыпталып, қайта өңделіп, қалғаны полигондарда көмілген. Ал 2022 жылы 4,3 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтың 25% қайта өңделген», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында. 

Е. Нысанбаев еліміздің 80% жуық халқы тұратын қалалар мен ірі елді мекендер қоқыс шығару қызметімен қамтамасыз етілгенін айтты.

«39 ірі елді мекен бойынша ғана ғарыштық мониторинг былтыр 5 533 рұқсатсыз қоқыс үйіндісін анықтады, бұл қалдықтардың нақты көлемі есепке алынатын көлемнен әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді», - деді Экология министрі. 

Коммуналдық қалдықтардың шамамен 70% пайдалы фракциялардан тұрады, атап айтқанда 16% пластик (656 мың тонна), 11% макулатура (451 мың тонна), 9% шыны (369 мың тонна), 37% органикалық қалдықтар және 27% басқа қоқыстар. 

«Бұл көрсеткіштің өңірлерге байланысты айырмашылығы болуы мүмкін. Қалдықтардың шыны, пластик және макулатура сияқты негізгі түрлері бойынша қазіргі қайта өңдеу қуаты төмен», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар