Қазақстанда ҰБТ-ға дайындық курсының бағасы қанша
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа оқу жылы басталғанда елімізде ҰБТ курстары мен репетиторға сұраныс артты. Оқу орталықтары келер жылы мектеп бітіретін түліктерді топтық курсқа қабылдап жатыр. Кейбір ата-ана баласы үшін жеке сабақты таңдайды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Курс бағасы түрлі көрсеткішке қарай өзгеріп отырады. Алдымен ҰБТ-ға дайындайтын педагогтің тәжірибесі қарайды. Жеке репетиторды таңдағанда да мұғалімнің білімі мен білігіне көп мән береді.
Бағаны салыстыру кезінде біз сынаққа қажетті бес пәнді таңдадық. Топтық оқыту құны сараланды. Сонымен бірге жеке оқыту курстарының да бағасын салыстырып көрдік. Әр пәннің бағасы академиялық сағатқа сай есептеледі.
Бағасы ең төмен курс Павлодар қаласында табылды. Мұнда дайындық бағасы 20 000 теңгеден басталып, 100 000 теңгеге жетті. Ал репетиторлар әр сабаққа орта есеппен 3 000 теңгеден бастап 9 000 теңгеге дейін алады.
Одан әрі Орал қаласы тұр. Мұнда баға 25 000 — 50 000 теңге аралығында. Ең жоғары баға өзгеге қарағанда төмен. Бұл өңірде репетиторлардың қызмет ақысы да өзгеге қарағанда арзан. Бағасы — 2 500 — 4 000 теңге аралығында.
Тараз қаласында ҰБТ-ға дайындық курсының бағасы 30 000 теңгеден басталады. Мұндай ақшаға үздік педагогтерден сабақ ала алмайсыз. Білікті әрі тәжірибелі мұғалімдерден құралған курс бағасы 70 000 теңге болады. Тек бір балаға ғана дәріс берсе әр сағаты 2 000 теңгеден басталып, 10 000 теңге жетеді.
Қарағанды мен Талдықорған қалаларында топтық курс бағасы 40 000 теңгеден басталады. Екі қаладағы ең қымбат курстың арасында біраз айырмашылық бар. Қарағанда қаласындағы репетиторлар сағатына 5 000–7 000 теңге, ал Талдықорғанда 3 000–5 000 теңге алады.
Түркістан қаласында баланы емтиханға дайындау ақысы 45 000 теңгеден басталып тұр. Ал жеке оқытуды таңдаған ата-ана баласына 3 000 — 4 000 теңге төлейді. Бұл педагогтің әр сағатқа алатын ақысы.
Алматы, Екібастұз, Семей, Қызылорда мен Петропавлда бес пәнге арналған курс бағасы 60 000 теңгеден басталады. Ескере кетерлік жайт, бұл қалалардағы ең жоғары бағада айтарлықтай айырмашылық байқалмайды. Тек Петропавл қаласында ең жоғары баға 70 000 теңге болып тұр. Ал жеке оқытуға келер болсақ, Алматы қаласында сағатына 3 000 — 10 000 теңге аралығында. Екібастұз, Семей мен Қызылордада 2 000 теңгеден басталса, Петропавлда 2 500 теңге және одан жоғары.
Жезқазған, Ақтөбе мен Ақтау қалаларында курс бағасы айына 65 000 теңге және одан жоғары. Осы қалалар арасында Ақтөбеде баға жоғары. ҰБТ дайындауға кейбірі айына 150 000 теңге алады. Ал әр пәнді жеке оқыту ақысы шамамен 2 000 теңгеден басталады. Бұл Қазақстандағы орташа баға.
Шымкент, Қостанай мен Өскемен қалаларында емтиханға дайындық бағасы 70 000 теңгеден басталады. Өскеменде репетитор ақысы 2 000 — 9 000 теңге аралығында, Шымкентте 3 000 теңгеден бастап, 20 000 теңгеге дейін барады. Ал Қостанайда 4 000 — 12 000 теңге аралығында.
Курс бағасы Астана мен Көкшетау қалаларында жоғары. Елордада толық курс бағасы айына 300 000 теңгеге дейін жетеді. Мұнда жас репетиторлар сағатына 2 000 теңге алса, тәжірибелі мамандардың дәрісі 10 000 теңге тұрады. Көкшетау қаласында жеке мұғалімдер сағатына 4 000 — 6 000 теңге алады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандағы балаларға арналған шығармашылық үйірмелерінің бағасы туралы жазылды.