Қазақстанда ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға 200 түлек өтініш берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда осы жылы тұңғыш рет Ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруға рұқсат берілетін болды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу 167 орталықта, атап айтқанда ЖОО базасында 48, колледжер арасында 3, мектептер базасында 116 орында өткізілмек.
«2018 жылы ҰБТ 15-ші рет өткізіледі. 2004 жылдан бастап, 14 жылдың ішінде оған 1 миллион 600 мың адам қатысқан. Жылдар өте келе тестілеу жүргізу технологиясы үнемі жетілдіріліп отыратындығын атап айтқымыз келеді», - деді Асхат Аймағамбетов.
ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштерді қабылдау осы жылдың 10 наурызынан 10 мамырына дейін жүзеге асырылады. Тестілеу ағымдағы жылдың 20 маусымынан 1 шілдесіне дейін өтеді. ҰБТ 5 пән бойынша жүргізіледі: 3 міндетті және таңдалған мамандығына сәйкес, 2 профильді пән.
«Ең бастысы біздің айтқымыз келетіні - биыл формат өзгермейді. Бірақ, қалай болса да кейбір жаңашылдықтар бар. Ең біріншіден, бұл - ағылшын тілі мәселесі. Бізге алдыңғы жылдан бастап өте көп өтініш келіп түсті. Сондықтан, биыл ағылшын тілінде ҰБТ-ны тапсыруға мүмкіндік беріп отырмыз. Жалпы, ҰБТ өткізу үшін тесттер бүгінгі күні дайын. Бір апта бұрын 200-ге тарта түлек ағылшын тілінде тапсырамын деп өтініш берген болатын. Әрине, бұл көрсеткіш күннен күнге өзгереді. Әлі де мұндай өтініштер болады деп ойлаймыз», - деді Асхат Аймағамбетов.