Қазақстанда ұлттық «Safe Kids» бағдарламасы әзірленіп жатыр
АСТАНА.KAZINFORM - Бүгін Астанада ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Реджина Де Доминичиспен кездесу өтті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Кездесуге сондай-ақ Балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қатысып, балаларға қатысты суицид, зорлық-зомбылық және қорлаудың алдын алу бойынша мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары қабылдап жатқан бірлескен шараларды біріктіретін «Қауіпсіз балалар» бағдарламасын таныстырды.
Бұл жоба қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды ерте анықтау және оларға көмек көрсету бойынша жүйелі шараларды, педагогтер мен ата-аналарға әдістемелік көмек көрсетуді, құқықтық және ақпараттық қолдауды, сондай-ақ құндылықтарға негізделген тәрбие жұмыстарын жүргізуді көздейді.
ЮНИСЕФ-тің аймақтық директоры Реджина Де Доминичис ұсынылған «Қауіпсіз балалар» бағдарламасының терең әзірленгенін жеткізіп, оның жан-жақты сипаты мен енгізілген инновациялық шешімдерді атап өтті.
Осыған дейін Үкіметтің балалар қауіпсіздігімен байланысты 58 мыңнан астам интернет-ресурсты бұғаттағаны туралы жаздық.