Қазақстанда үш жылда 800-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда соңғы үш жылда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту аясында 800-ден астам медициналық нысан пайдалануға берілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 2023–2025 жылдар аралығында елімізде 813 денсаулық сақтау нысаны салынған. Оның 655-і ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарына тиесілі.
Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Соның нәтижесінде бұрын медициналық көмек көрсетілмеген елді мекендерде 200-ден астам жаңа нысан ашылып, шамамен бір миллион ауыл тұрғыны медициналық қызметке қол жеткізді.
– Соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 22%-ға өсіп, 436 млрд теңгеден 561 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша жеке инвестициялар көлемі 137 млрд теңгені құрады, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Саладағы ірі инфрақұрылымдық жобалар қатарында Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы, сондай-ақ Алматыдағы Ұлттық ғылыми инфекциялық аурулар орталығы бар.
Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. 2026 жылдың соңына дейін 32 аудандық орталық аурухананы көпбейінді аудандық аурухана деңгейіне жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар медициналық ұйымдар компьютерлік томографтар, ангиографтар және басқа да заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
– Қабылданып жатқан шаралар шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, инсульт пен инфаркттан болатын өлім-жітімді шамамен 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде, – делінген хабарламада.
Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. 2029 жылға дейін елімізде тоғыз заманауи перинаталдық орталықтан тұратын желі қалыптастыру жоспарланған. Қазіргі уақытта Астанада жаңа перинаталдық орталық салынып жатыр, ал Шымкентте, Қаскелеңде, Қарағандыда және Түркістан облысының Темірлан ауылында жобалау жұмыстары аяқталған.
Сонымен қатар халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен 10 көпбейінді балалар стационарын салу мәселесі қарастырылып жатыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Алматы, Көкшетау және Қосшы қалаларында көпбейінді ауруханалар, ал Шымкентте университеттік аурухана жобалары жүзеге асырылуда.
– Бүгінде барлық жаңа медициналық нысандар денсаулық сақтау саласының жаңартылған құрылыс стандарттарына және халықаралық JCI мен iHFG талаптарына сәйкес салынып жатыр. Бұл заманауи технологиялармен жабдықталған, қауіпсіз әрі тиімді медициналық мекемелер құруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті министрлік.
Айта кетейік, дәрілік заттарды басқаруда жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.