Қазақстанда заңгерлік кеңес беру үшін жасанды интеллект әзірленіп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алдағы уақытта заңгерлік кеңесті жасанды интеллекттен алуға болады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Әділет департаментінің басшысы Балайым Кесебаева мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, Әділет министрлігі құқықтық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Digital Justice» бастамасы аясында бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр.
— Маңызды шешімдердің бірі — «E-ZanKomegi» бірыңғай құқықтық көмек көрсету ақпараттық жүйесін құру болды. Бұл жүйе қазірдің өзінде 1949 адвокат пен заңгерлік кеңесшілерді біріктіреді. 2023-2024 жылдары платформа арқылы 88 738 іс өңделіп, портал қолданушыларының саны 6 749 адамға жетті. Азаматтардың ыңғайлылығы үшін «бейнеқоңырау» функциясы іске қосылды, бұл құқықтық қызмет операторларынан тәулік бойы кеңес алуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, жасанды интеллект элементтері бар чат-бот сынақтан өтіп жатыр, — деді ол.
Жаңа ЖИ әрбір өтініштің ерекшеліктерін ескеріп, пайдаланушыларға жеке ұсыныстар береді.
— Әділет министрлігі заң қызметтерін көрсетуге арналған платформаларды әзірлейтін елдегі жетекші IT-компаниялар мен университеттер өкілдерінен жұмыс тобын құрды, — деп атап өтті Кесебаева.
Бұдан бөлек, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) ұқсас «заң клиникаларын» ашу жоспарда, онда азаматтар тегін заңгерлік көмек ала алады.
Осыған дейін ақмолалықтар цифрлық сот орындаушысының арқасында 82 млн теңгеге жуық қаражаттарын үнемдегені туралы жазған едік.