Заңсыз майнингке қарсы жүйелі жұмыстар жүргізілді: 1,3 млрд теңге залал анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылдың басынан бері жалпы 1,3 млрд теңгеге залал келтірген 17 қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті.

Агенттіктің дерегінше, ең жиі анықталған заңсыз майнинг фермалары Астана қаласында — 6, Шымкент пен Қостанайда — 3 жағдайдан тіркелген. Аталған істер аясында 642 мың АҚШ доллары көлеміндегі цифрлық активтер тәркіленді.
— Кейбір заңсыз майнинг фермалары электр энергиясын ұрлау арқылы жұмыс істеген (5 ферма). Олардың тұтынған энергия көлемі ірі қаланың шығынына тең. Сондай-ақ фермалар орналасқан аймақтардағы тұрғындардың тыныштығын бұзу фактілері тіркелген. Электр энергиясын заңсыз тұтыну салдарынан ресурстар нақты бизнес-жобаларға, өнеркәсіпті дамытуға және әлеуметтік нысандарды қамтамасыз етуге бағытталмайды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, соңғы үш жылда майнинг саласынан бюджетке 17 млрд теңгеден астам қаражат түскен. Бұл салаға тиімді реттеу қажеттігін көрсетеді. Агенттік Қазақстанда майнингпен айналысу тек лицензия болған жағдайда ғана рұқсат етілетінін еске салады. Заңды қызмет үшін жабдықтың сәйкестігі, энергиямен жабдықтау шарты және салықтық міндеттемелердің орындалуы талап етіледі.
Заңсыз майнинг — қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады, елдің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, энергиямен жабдықтаудағы ақауларға себеп болады. Агенттік кәсіпкерлер мен азаматтарды заңсыз майнингпен айналысудан бас тартуға және цифрлық активтердің ашық нарығын дамытуға шақырады.
Еске сала кетейік, Астанада заңсыз майнингпен айналысқандар ұсталып, 900 млн теңгеден астам мүлік тәркіленгенін жазған едік.