Қазақстанда жалақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі - Қожамжаров
Іс-шара қатысушылардың пікір алмасуы және әңгімелесу форматында ұйымдастырылды.
Агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаров 100 нақты қадам - Ұлт жоспарының бірінші институционалдық реформасы «Кәсіби мемлекеттік аппаратты құру» бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстың барысы, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысы бойынша, алдағы кезеңдегі міндеттер туралы баяндады.
Ведомство басшысы алдағы негізгі міндет еңбекақының жаңа жүйесін енгізу мәселесі болып табылатынын және ол оның жеке сектормен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етіп, орталық пен өңірлердегі қызметкерлерге төлеудің үйлеспеушілігін жоятынын атап өтті.
Жалақы төлеудің жаңа жүйесі екі бөліктен тұрады. Біріншісі - тиянақталған, ол - факторлық-балдық межеге негізделген. Бұл әдістемеде жалақының мөлшері жұмыстың күрделілігі мен көлеміне, сипатына байланысты болады. Еңбекақының екінші бөлігі - бонустар. Ол жылсайын тиімді қызметкерлерге олардың қызметтерін бағалаудың қорытындысы бойынша төленеді.
Келесі жылы Елбасының тапсырмасы бойынша бұл жүйенің апробациясы Агенттік пен Астана қаласы әкімдігінің негізінде жүргізіледі. Келешекте сәтті пилоттық апробация басқа да мемлекеттік органдарға таратылады.
Биылғы жыл мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мақсатына жету бойынша сөзсіз нәтижелі болып табылады.
Сонымен қатар, іс-шара барысында Агенттік басшысы Қоғамдық кеңес мүшелеріне қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыру, меритократия қағидаттарын күшейту және іріктеу тәртібінің ашықтығы, алмасушылық пен ауылдардағы кадрлардың тапшылығы, мемлекеттік аппаратты оңтайландыру және өңірлерде штат санының әркелкі бөлінісі, кадрлардың ротациясы сұрақтары бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Агенттікпен мемлекеттік қызметкерлерді зейнетақы және тұрғын үймен қамсыздандыру, тегін медициналық қызмет алу мәселелері секілді әлеуметтік қорғауды арттыру шараларын қолдану жоспарлануда.
Мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібін жетілдіру шеңберінде, олардың ашықтығын қамтамасыз ететін іріктеу механизмдері енгізілді.
Жыл басынан бері 5,5 мың адам мемлекеттік қызметтің бастапқы деңгейіне жұмысқа тұрды, бұл 2015 жылға қарағанда үш есе көп.
Ауысу деңгейі 2 есеге төмендеді (11,2% -дан 6,3% -ға дейін), бұл білікті кадрлардың кетуін азайтты.
2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда конкурстан тыс ауысу денгейі 21 астам есе қысқартылды (4927-ден 228-ге дейін) .
Бәсекелестік негізінде қадамдық мансаптық өсу қағидасын енгізу нәтижесінде, жоғары тұрған бос орындардың 90% -нан астамын ағымдағы қызметкерлер иеленді.
Ауылдық жерлерде мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру үшін ауылдық деңгейдегі қызметкерлерге қосымша әлеуметтік және құқықтық кепілдіктер енгізу бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.
Мемлекеттік қызметкерлерге «Дипломмен ауылға» жобасы аясында қарастырылған кепілдіктер беру мәселесін Мемлекет басшысы қолдады. Тиісті нормативтік құжаттар дайындалды.
Агенттік өңірлердегі штат санының лимитін қайта қарауды, сонымен қатар, ауылдық әкімдіктер аппаратын нығайтуды ұсынады.
Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес мүшелерін мемлекеттік қызметшілердің кешенді аттестациялау қорытындылары қызықтырды.
Агенттік төрағасы аттестаттау қорытындысы бойынша аймақтық басқармалар басшыларының бағдарламалық құжаттарға қатысты білімдерінің төмендігі анықталғандығын атап өтті.
Сондықтан, заңнама бойынша тестілеу бағдарламасына еліміздің стратегиялық құжаттарына қатысты сұрақтар енгізіледі.
Кездесу соңында, С.Қанаев төрағалық ететін Қоғамдық кеңестің мүшелері Агенттіктің өткен кезеңдегі қызметіне оң баға берді.
Отырысқа қатысушылар, Агенттіктің жұмысына қатысты маңызды шешімдер қабылдау кезінде қоғамның пікірі ескерілетіндігін атап кетті.
Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес мүшелері Агенттіктің бағыт бағдарлары бойынша қабылданатын шаралары оң ниетті және негізделген болып табылатындығын, сондай-ақ, 100 нақты қадам - Ұлт жоспарында айқындалған Елбасы үмітін ақтау үшін бағытталғандығын атап өтті.
Қоғамдық кеңестің құрылған күнінен бастап, Қоғамдық кеңеспен мемлекеттік қызмет, мемлекеттік көрсетілетін қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларын реттейтін маңызды 22 нормативтік құқықтық актілер жобасы келісілді.