Қазақстанда жасалған «Арай» ұшағы тұңғыш рет Ресейге экспортталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда жасалған жеңіл моторлы «Арай» ұшағы тұңғыш рет Ресейге экспортталды. Бұл туралы бүгін Алматы облысындағы Байсерке әуежайында өткен баспасөз мәслихатында «Авиа Мастер Эйркрафт» ЖШС директоры Дәурен Уәлиев мәлімдеді.
None
None

Оның айтуынша, ұшақты Ресейдің «Крафтрэй» компаниясы сатып алған. «Біздің бұған дейінгі жасап шығарған үш ұшағымызды Қостанай облысындағы «Зерновая индустрия» корпорациясы сатып алған болатын. Енді міне, төртінші ұшақ Ресейге жөнелтіліп жатыр. Біздің компания «Арай» ұшағын канадалық «ZENAIR LTD» компаниясымен бірлесіп шығарады. Ұшақтың моторы Канададан жеткізіледі, ал қалған бөліктері Қазақстанда жасалады. Біз «Арайды» Қазақстанда, Ресейге, Беларусь республикасына және Моңғолияға сатуға құқығымыз бар. Қазір осы елдерде өзіміздің дилерлік желілерімізді дамытып жатырмыз», - деді өз сөзінде Дәурен Уәлиев. Өз кезегінде «Крафтрэй» фирмасының инновациялық жобалар жетекшісі Георгий Калиновский Қазақстанда тұңғыш рет шығарылып отырған «Арай» ұшағының бірқатар артықшылығына тоқталды. «Бұл ұшақтың ұшу сипаты көңілімізден шығып отыр. Егер «АН-2» ұшағына екі ұшқыш керек болса, бұған бір ұшқыш жеткілікті. Оның үстіне «Арайға» арнайы даярланған ұшу алаңы қажет емес. Қысқа алаңдар, егістің маңындағы бос алаңқайлар жеткілікті. Ал «АН-2» ұшағына жанармай құю үшін әуежайға қайтып оралуына тура келеді», - деді ол. Естеріңізге сала кетейік, «АРАЙ АГРО» - «Авиа Мастер Эйркрафт» ЖШС жасап шығарған төртінші ұшағы. Ол бұған дейінгі шығарылған ұшақтардан ерекше. Компания мамандары ұшақты жақсарту жөнінде канадалық компанияға 37 ұсыныс түсірген екен. Солардың 30-ы мақұлданған. Осының арқасында ұшақтың қанаты 60 сантиметрге ұлғайған. Ұшу жылдамдығы күшейтіліп, қауіпсіздігі жақсарған. Бүгін Байсерке әуежайында «АРАЙ АГРО» тағы бір сынақтан өтті. Тәжірибелі ұшқыш Владимир Анцупов ұшақты әуеге көтеріп, көпшілікті ұшу өнерімен тәнті етті.

Соңғы жаңалықтар
Референдум