Қазақстанда «жасыл» экономикаға көшуге негізделген қанатқақты жобалар нәтиже бере ме?

АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Даму бағдарламасы ЕО-ның қаржылық қолдауымен және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары жөніндегі комитетпен серіктестік негізінде «Жасыл» экономика моделіне көшу бойынша Қазақстанды қолдау» жобасын жүзеге асыруда.

Қазақстанда «жасыл» экономикаға көшуге негізделген қанатқақты жобалар нәтиже бере ме?

Құны 7 млн. еуро көлеміндегі бұл бағдарлама өткен жылдың жазында іске қосылған болатын. Қаржының басым бөлігі, яғни 70 пайызы нақты қанатқақты жобаларға бағытталады. Оның ішінде 3 млн. еуро сомасындағы 4 жобаны жүзеге асыруды биыл бастау жоспарланып отыр. Осы орайда «жасыл» экономика мәселелері аясында Астанада өткен жиында аталған жобаның менеджері Гүлжамал Исаева кеңінен баяндап берді.  

Мемлекет ауылдық жерлерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында  «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруда, дегенмен де су тарту мәселесі әлі де өзекті болып отыр.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылында іске асырылатын бірінші жоба арқылы халықаралық ұйымдар аталған проблеманы шешудің үлгісін көрсетуге ниетті.

«Су үнемдейтін технологияларды енгізу және ауыз су сапасын жақсарту, сондай-ақ ауылдың кәріз жүйесін қайта жаңарту нысанын салуда «жасыл» инфрақұрылым технологиялары пайдаланылады. Бұл өз кезегінде экологиялық тұрғыда қауіпсіз әрі тиімді, техникалық қызмет көрсетуге арнайы жабдықтарды қажет етпейді», - деді Г. Исаева

Екінші жобаның мақсаты - шөлейтті және жартылай шөлейтті жерлерде егін шаруашылығымен айналысу мүмкіндігін дәлелдеу. Бір фермерлік шаруашылық үлгісін пайдалана отырып, оазистік суару мүмкіндігі таныстырылады.

«Біз бұл технология арқылы жем-шөп дақылдарын өсіруге басымдық береміз. Осы ретте мал шаруашылығын дамыту мүмкіндігі артады»,-деді БҰҰДБ менеджері.

Тағы бір жұмыс Ақтөбе облысы аумағындағы екі су қоймада жүргізіледі. Оның бірі  - Ақтөбе су қоймасы. Нысандағы жұмыстарды жетілдіру үшін автоматтандырылған бақылау-өлшеу құрылғыларын орнату қарастырылуда, бұл өз кезегінде су қысымының артуы мен оның деңгейінің көтерілуі жөнінде қызметкерлерге алдын ала белгі береді. «Біздің ойымызша, осы бағыттағы шаралар төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік жасайды»,-деп қосты ол.

Екінші су қойма - ол Қарғалы нысаны. Бұл су қоймада туристік аумақты дамытуға жақсы жағдайлар бар. Г. Исаеваның сөзіне қарағанда, бұл нысанды табыс көзіне айналдыруға болады және кіріс қаржыны ескірген инфрақұрылымды жаңартуға жұмсауға мүмкіндік бар. «Біз осы су қойманың айналасына туризмді дамытып, балық және жылыжай шаруашылықтарын құрып, сондай-ақ шағын су электр стансасын салуға ниеттіміз. Бұл станса барша инфрақұрылымды энергиямен қамтамасыз ете алар еді»,-деді ол.

Ал соңғы жоба Астанада жүзеге асырылуда және ол қалалық жағдайда ауыл шаруашылығын дамытудың үлгісі болып табылады. Атап айтқанда, бұл жоба солтүстік өңірдің жағдайында экологиялық таза өнімдерді бәсекеге қабілетті бағамен жыл бойы өндіруге мүмкіндік береді.

«Бұл тұрғыда негізгі мәселе  - ол жылу энергиясы көп жұмсалатын солтүстік өңірлерде өнімнің өзіндік құнын қолжетімді ету. Біз жаңаратын энергия есебінен шығын көлемін қалай төмендетуге болатындығын көрсетеміз. Осы орайда суды ысырап етпей, оны қайта пайдалану әдістерін кеңінен қолданамыз. Бұл өте қызық жоба және ол ЭКСПО көрмесі нысандарының бірі болады деген үміттеміз»,-деді ол.

Әрине, халықаралық ұйымдар Қазақстанның проблемаларын шеше алмайды. Бұл тек «жасыл» технологияларды дамыту арқылы ауылдық жерлерді қалайша көтерудің қанатқақты үлгілері болып табылады. Сонымен қатар бұл бағыттағы жобалар  озық технологияларды пайдаланудың тәжірибесін үйреніп, бұдан елеулі табыс алу үшін өндірушілерге жақсы мүмкіндік беретіндігін атап өткен жөн.

Айта кетейік, ЕО мен БҰҰ бағдарламасы нақты жобаларды жүзеге асырумен қатар, олар Қазақстанға бұл салада нормативтік-құқықтық базаны дамытуда және олардың халықаралық заңнамамен үйлестіруге, сондай-ақ мамандар мен мемлекеттік қызметкерлерді оқытуға өз көмектерін ұсынуда.

«Біз су ресурстары саласында мамандар үшін магистрлік курсты әзірлеудеміз және ол Қазақстанның жоғары оқу орындарына енгізілмек. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер үшін біліктілікті арттыру бағдарламасын даярлап жатырмыз. Қазіргі кезде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен келіссөздер жүргізудеміз. Осы орайда бұл курсты енгізуге үміттіміз», - деп атап өтті Г. Исаева.

«Жасыл» жобалар өте қымбат және өзін ақтамайды деген таптаурынды түсінік бар. Әрине, қысқа мерзімді болашаққа жоспарласақ, онда қазір қолжетімді әрі кеңінен пайдаланылып жүрген технологиялардан «жасыл» жобалар қымбатырақ болуы мүмкін. Алайда, егер де дамығымыз келсе, онда кем дегенде орташа мерзімді перспективаға жоспарлауымыз қажет. Ал бұл бағытта жасалған барлық есептеулер озық технологиялар тиімді нәтижелер беріп, тұрақты және қолжетімді болатынын көрсетіп отыр»,-деп түйді сөзін Гүлжамал Исаева.