Қазақстанда жайылымдардың 40 пайызы тозған – депутаттар дабыл қақты
АСТАНА. KAZINFORM – Жерті тиімсіз пайдалану оның тозуына әкеп соқты және жайылымдарды басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесін енгізу қажет. Бұл туралы «Ауыл» партиясы» фракциясының депутаттары Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
Еліміздегі жер ресурстарының 80%-дан астамы ауыл шаруашылығы жерлеріне тиесілі, ал олардың жалпы көлемі 220 млн гектардан асады. Оның ішінде 190 млн гектары – жайылым, 25 млн гектары – егістік, 5 млн гектары – шабындық жерлер.
– Осындай орасан зор әлеуетке қарамастан, ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалық жағдайы күрделі мәселеге айналып отыр. Бүгінгі таңда 100 млн гектарға жуық жер деградацияға ұшыраған. Оның ішінде жайылымдардың 40% тозған, егістіктің 30% эрозияға шалдыққан, ал суармалы жерлерде тұздану процесі күшейген, – деді депутат Жигули Дайрабаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, негізгі мәселе – жердің тапшылығында емес, оны тиімді пайдалана алмауда. Мәселен, жайылымдардың тек 90 млн гектары ғана нақты пайдаланылып отыр. Қалған жерлер инфрақұрылымның жоқтығы, су көздерінің жетіспеуі және шалғай орналасуы себепті игерілмеген. Соның салдарынан ауыл маңындағы жайылымдарға шамадан тыс жүктеме түсіп, тез тозады.
– Мал басының өсуін ескерсек, қазір 32,9 млн малға кемінде 130 млн гектар жайылым қажет. Демек, қосымша 40 млн гектар жайылымды экономикалық айналымға енгізу міндеті тұр. Егістік жерлерде де жағдай күрделі. Ауыспалы егіс жүйесі толық сақталмайды: 25 млн гектар егістіктің тек 15 млн гектарында ғана қолданылады. Бұл, әсіресе, шағын шаруашылықтарға тиесілі. Нәтижесінде топырақ құнарсызданып, өнімділік төмендеп жатыр, – деді фракция өкілі.
Статистика дерегіне сәйкес, жер деградациясы табиғи факторлармен қатар, агротехникалық талаптардың сақталмауы, жайылым жүктемесінің артуы, суармалы жерлерді дұрыс пайдаланбау сияқты антропогендік себептермен де байланысты.
– Тағы бір өзекті мәселе – ауыл шаруашылығы жерлерінің әр санаты бойынша нақты экономикалық құнының болмауы. Бүгінде жайылым, егістік, суармалы және шабындық жерлердің гектарына қатысты сапасы мен өнімділік әлеуетіне негізделген әділ бағалау жүйесі жоқ. Бұл жерді тиімді пайдалануға және басқаруға кері әсер етуде. Тиянақты жұмыс істейтін фермерлер үшін де жердің нақты құнын айқындау аса маңызды. Өйткені жер әділ бағаланса, оны кепілге қойып, қолжетімді несие алу жеңілдейді. Бұл шаруашылықты дамытуға және өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Ж.Дайрабаев.
Осыған байланысты депутаттар Үкіметке шалғай жерлерде жайылымдарды игеру үшін 2026-2030 жылдарға арналған нақты инфрақұрылымдық бағдарлама қабылдап, құдықтар мен ұңғымалар қазу, су жеткізу, жол және электр желілерін тарту жұмыстарын қосымша қаржыландыруды ұсынды.
Жайылымдарды басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесін енгізіп, әр өңір бойынша жайылым жүктемесінің шекті нормаларын бекіту және оның сақталуын қатаң бақылау керектігі де айтылды.
– Ауыспалы егіс жүйесін енгізуді мемлекеттік қолдаумен байланыстырып, оны сақтамайтын шаруашылықтарға қатысты шектеу шараларын, ал енгізгендерге ынталандыру тетіктерін қарастырған жөн. Топырақ құнарлылығын, тұзданған жерлерді қалпына келтіру үшін мелиорация, эрозияға қарсы технологияларды енгізу бойынша мақсатты мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет деп санаймыз, – деді депутат.
Еске сала кетсек, Ақтөбеде биыл 94 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.