Қазақстанда жексенбілік мектептерде 22 этностың ана тілі тұрақты түрде оқытылады

Бұл туралы бүгін Алматыдағы Достық үйінде Халықаралық ана тілі күніне арналған «Ана тілім - ардағым» атты тілдер фестивалі аясында өткен семинар-тренинг барысында мәлім болды.
Жексенбілік мектептері ашылған 22 этносты атап айтар болсақ, олар: әзербайжан, ассирия, беларусь, венгр, дүнген, грек, грузин, ингуш, еврей, балқар, кәріс, күрд, армян, неміс, поляк, орыс, татар, башқұрт, түрік, ұйғыр, украин және шешен этномәдени бірлестіктері.
Өз сөзінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Қапалбек Бижомарт Қазақстанда қазақ тілімен қатар, 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында этнос топтары тілдерінің дамуына қолдау көрсетіліп келе жатқандығын айтты.
«Бағдарлама аясында жыл сайын жергілікті Тіл басқармалары арқылы этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептерде мемлекеттік және ана тілдерін оқыту курстарына қолдау көрсетіледі. Бұған мемлекет тарапынан жыл сайын қаржы бөлінеді. Тіпті, жексенбілік мектептердің мұғалімдеріне жалақы төленеді. Тілдерді дамыту арқылы қоғам мүшелерінің лингвистикалық егемендігіне қол жеткізу - Қазақстанның тілдік саладағы мемлекеттік саясаты», - деді Қапалбек Бижомарт.
Айта кетелік, статистикаға сүйенер болсақ, бүгінгі таңда республикамызда немістер - 49, қазақтар - 40, кәрістер - 36, татарлар - 29, славяндар - 27, шешендер мен ингуштар - 26, әзербайжандар - 23, ұйғырлар - 21, орыстар - 20, украиндер - 19, еврейлер - 18, поляктар - 16, түріктер - 14, гректер - 12, армяндар - 11, беларусьтер - 10, дүнгендер - 10, күрдтер мен өзбектер - 8-ден, түркімендер, болгарлар және дағыстандықтар - 4-тен, қырғыздар мен тәжіктер - 3-тен, қарашайлықтар, балқандықтар, қытайлар, чуваштар және қарақалпақтар - 2-ден, ассириялықтар, чехтар, Прибалтика халықтары, грузиндер, осетиндер, лезгиндер, ирандықтар, буряттар, венгрлер, румындар - бір-бірден этномәдениқұрылымдарға ие.
Сондай-ақ, қазіргі кезде Қазақстанда 58 өзбек тілінде оқытатын және аралас тілде оқытатын 83 мектепте барлығы 78 921 бала өзбек тілінде білім алады. Бұдан басқа, 14 ұйғыр тіліндегі және 49 аралас тілді мектептерде 14 424 оқушы ұйғыр тілінде оқыса, 2 тәжік тілінде оқытатын және 10 аралас тілді мектептерде 3 615 бала тәжік тілінде білім алады.
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда бай тәжірибе Алматы облысында жинақталған. Бұл аймақта жүзге жуық ұлт өкілі тұрады. Олардың ішінде: 1 миллионға жуығы - қазақтар, 300 мыңнан аса орыс, 145 мың ұйғыр, 10 мыңнан аса украин, 30 мың түрік, 17 мыңдай кәріс, 15 мың татар, 6 мыңнан аса шешен және 50 мыңға жуық басқа ұлт өкілдері өмір сүреді.
Облыста таза қазақ тілінде оқытпайтын 379 мектеп бар. Олардың ішінде 53 - орыс, 11 - ұйғыр және 315 - аралас мектептер бар.
Ал, Алматы қаласына келер болсақ, оңтүстік астанада 60 ұлттық-мәдени орталық жұмыс атқарады. 3050 адам жексенбілік мектептерде 13 ұлт тілін меңгеріп жатыр. Оқыту сенбі және жексенбі күндері 45 минуттық 4-6 сабақ түрінде жүргізіледі.
Бүгінгі семинар-тренинг барысында бірқатар ұсыныстар айтылды. Олардың ішінде республикада этникалық топтардың тілдерін оқытудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру, ұлттық жексенбілік мектептері мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасын әзірлеу, тілдік олимпиадалар ұйымдастыру, жексенбілік мектептердің сайтын ашу және тарихи отанға сапар шегу арқылы жазғы тілдік лагерлер құру тәжірибесін қолға алу мәселелерін айтуға болады.