Қазақстанда жыл басынан бері 145 радикалды шетелдік елден шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жыл басынан бері радикалды көзқарасты ұстанған 145 шетелдік азамат ұсталып, ел аумағынан шығарылды. Бұл туралы Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің ішкі істер министрлерінің кездесуінде айтылды.

радикал
Фото: Kazinform

Кездесуде трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Қазіргі таңда қылмыстық топтар бірнеше елдің аумағында қатар әрекет етіп, цифрлық технологияларды пайдаланады. Олар өз бағыттары мен жасырыну тәсілдерін үнемі өзгертіп отырады. Осыған байланысты құқық қорғау органдары арасындағы тікелей байланыс пен жедел ақпарат алмасудың маңызы артып келеді.

Қазақстан ІІМ-нің мәліметінше, халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесінде бірқатар қылмысқа қатысы бар адамдар ұсталған.

Атап айтқанда, Қазақстан тарапының сұрауы бойынша Әзербайжанның құқық қорғау органдары Бакуде діни радикалды ұстады. Өзбекстанда терроризмді насихаттағаны және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін Қазақстан іздеу жариялаған адам, ал Қырғызстанда әлеуметтік араздықты қоздырғаны үшін іздеуде жүрген азамат ұсталды.

Сонымен қатар түркиялық әріптестердің көмегімен Ыстамбұлда Қазақстан азаматының өліміне қатысты қылмыс ашылды.

— Бүгінде көптеген қауіп-қатер бір елдің шекарасымен шектелмейді. Сондықтан қызметтеріміз арасындағы тікелей байланыс пен ақпаратты уақтылы алмасудың маңызы ерекше. Шетелге жасырынуға тырысқан адамдарды жедел анықтап, ұстауға тек бірлескен жұмыс мүмкіндік береді, — деді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

Қазақстан тарапы ТМҰ-ға мүше елдердің тиісті бөлімшелері арасында трансұлттық қылмысқа, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша жедел ақпарат алмасуды және тікелей өзара байланысты күшейтуді ұсынды.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында діни радикалдар тобының 11 мүшесі ұсталғанын хабарлағанбыз.